Қазақстандық Documentolog жобасы Ресей нарығына шықты

Documentolog электронды құжат айналымы мен бизнес процестерді автоматтандыру жүйесін әзірлеуші отандық компания бас серіктес ретінде «Электронды құжаттық айналым нарығы – 2019» конференциясына қатысты. Онда компанияның екі өнімі Documentolog флагмандық платформасы мен осы жүйенің Doculite жеңілдетілген нұсқасы таныстырылды.

БАЙЖАН КАНАФИН, DOCUMENTOLOG КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Ресейлік бизнестің қызығушылығын оятатын ұсыныстарымыз көп. Бір жағынан Ресейде құжат айналымы түсінігінің біздің елдегіге қарағанда әлдеқайда өзгеше екендігін біз жақсы білеміз. Ал функционалдық тұрғыдан алып қарасақ, біздің шешімдер қазір нарықта ұсынылып отырғандармен бәсекеге қабілетті болып табылады.

Жеті мыңнан астам кәсіпорын Documentolog-ты қолданады. Олардың қатарында ұлттық холдингтер, түрлі салалардағы мемлекеттік және жеке компаниялар бар. Пайдаланушылар саны 300 мыңнан асады.

ИВАН ПАЧКО, THE MELOWS КОМПАНИЯСЫНЫҢ КРЕАТИВТІ ДИРЕКТОРЫ:

- 2020 жылдан бастап салық есептері де, бухгалтерлік есептер де елімізде тек қана электронды түрде ғана қабылданатын болады. Ерекше сұраныс нарығы осы жерде қалыптасады. Ал қораптық форматтағы шағын ғана мобильдік шешімдер қоcымша артықшылықтарға ие болады. Кәсіпкерлер оларды барынша тез қабылдайды. Documentolog компаниясы нақ осы тез шешімдерге маманданған.

Қазіргі кезде компания жаңа буындағы дауысты көмекші және халықаралық электронды құжат айналымы жобаларын әзірлеуде. Жаңа жобалардың таныстырылымы 4 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында Documentolog Technology Conference шарасы барысында өтеді.

Фото: 24.kz