Швейцарияда өтетін «Seedstars Summit 2020» саммитіне қатысатын жобалар іріктеліп жатыр

Қаржы саласындағы әмбебап қазақстандық өнертабыс дүниежүзіне танылуы мүмкін. Елордада Швейцарияның Лозанна қаласында өтетін «Seedstars Summit 2020» жаһандық Саммитіне қатысатын жобалар іріктеліп жатыр.

Байқаудың аймақтық кезеңіне Орталық-Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінен 20-дан астам әлеуетті бастама қатысуда. Дода талабына сай денсаулық сақтау, білім беру, спорт, қауіпсіздік және қаржы бағытындағы инновациялық жаңа шешімдер.

Отандық ғалымдар болса, адамды биометриялық сәйкестендіретін бірегей қаржылық терминал ойлап тапқан.

АЗАМАТ ҒАЛЫМЖАНОВ, ЖОБАНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз ең алдымен адамды жеке төл құжатындағы суретпен салыстырып, биометриялық сәйкестендіреміз. Кейін ғана төл құжаттағы аты-жөні, туған күні сынды мәліметтер арқылы мемлекеттік базадан ол жайлы толық ресми ақпарат жинаймыз. Терминалдың жүйесі несиелік бюромен де байланысты. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі оның парақшаларын тауып сараптама жасайды. Жиналған мәліметті қорытып, шешім шығарады. 

ӘЛІБЕК НАРЫМБАЙ, ЖОБА ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз бұл технологияны әлемге таныстырғымыз келеді. Бұл жалаң сөз, құр теория емес, тәжірибелік сыннан өтіп, мүмкіндігін барынша дәлелдеген жоба. Қазақстанда танылған бизнес. Ол бүгіннен бастап іске қосылуға дайын. Ол барлық дерлік қаржылық операцияларды адамның күшінсіз қолдап, жүзеге асыра алады.  

Айта кетейік, дәстүрлі жаһандық саммит стартаптарды қолдауға бағытталған. Онда үздік өнертабысқа қаржы құюға ниетті әлемнің жетекші инвесторлары мен жас ғалымдары жиналады.

Биыл 60-тан астам жоба авторы бас жүлде 500 мың доллар ұтып алу үшін бақтары мен баптарын сынайды деп күтілуде. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов