Нұр-Сұлтанда құрылыстағы жасыл технологиялар мәселесі талқыланды

Экологиялық құрылысты дамыту әлеуеті және оның қала инфроқұрылымына тигізер әсері.

Нұр-Сұлтанда өткен «жасыл» технологиялар конференциясы барысында сәулеттік шешімдердегі энерготиімділік тақырыбы қозғалды. Бас қосуға шетелдердің жетекші сала мамандары да ат салысты.

Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттің экономикасына жасыл бастамаларды ендіруде ауыл шаруашылығы, өндірістік кешен, энергетика және көлік салаларымен қатар, қала құрылысына басымдық берген жөн.

Мәселен, бүгінде Финляндия, Дания, Англия және Германия сынды дамыған елдерде ресурстық қорды сарқылтпай үнемдеуге арналған жылжымайтын нысандар тұрғызу жақсы жолға қойылған.

ГАЙ ИМЗ, ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БОЙЫНША КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ /РФ/:

 - Экологиялық құрылыс саласы адамдарға үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Салған ғимараттарды пайдаланудың аясы кең болады. Біріншіден, олар өмір сүруге өте қолайлы жайлы, тиімді жұмыс жасауға бар жағдайлар жасалған. Ол қуат үнемдеп, ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Өйткені, заман ағымына сай тек табиғи материалдардан салынған нысандар жылыту, жарықтандырғыш және салқындатқыш жүйелермен толықтай қамтылған.  Бұл – жайлы өмір сүруге арналған жаңа шешімдер.

Бүгінде Қазақстан бойынша 40-қа тарта жасыл нысан тіркелген. Жергілікті құрылысшылар саланың жаңа қырларын ашатын заманауи технологияларды ендіруге ниетті. Шетелдік мамандар қазақстандық әріптестерімен шеберлік алмасып, тәжірибе бөлісуге дайынбыз дейді.                                  

ГАЙ ИМЗ, ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БОЙЫНША КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ /РФ/:

 - Экологиялық ғимараттар энергияны 150, ал суды 50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл әлем қауымдастығы үшін қажет. Мәселен, ЭКСПО – орталық әлемдік стандарттарға сай заманауи технологиялар бойынша бой түзеген нысандардың бірі. Қазір біз осыған қатысты жобалар төңірегінде ой қозғап жатырмыз. Біздің кеңес жасыл технологиялар орталығы сарапшыларының құрамына енуді жоспарлап отыр.  

Еске салайық, «жасыл» құрылыс саласының әлемде белең алғанына 25 жыл болды. Ширек ғасырда саланың дамуы қарқын алып, әлемдік нарықтағы үлесі 200 млрд доллардан асып жығылады. Сәйкесінше, салаға қаржы құюға ниетті инвесторлардың қатары өсіп келеді.

Сарапшылардың айтуынша, енді ел осы көштен қалмай  ілесіп жүрсе игі болады.   

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: ecology.md