ШЫҰ-на кіретін мемлекеттер цифрландыру саласындағы өзара әріптестікті талқылады

Орталық Азия елдері және Шанхай ынтымақтастығы ұйымына кіретін өзге мемлекеттер цифрландыру саласындағы өзара әріптестік аясының әлеуетті бағыттарын талқылады.

Сарапшылардың пікірінше, сандық технологиялардағы бірлескен шаралар халықаралық ұйымға мүше елдердің әрқайсысының қамы және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болу үшін қажет.  

КУБАНЫЧ ШАТЕМИРОВ, БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біздің еліміздің Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің кеңістігінде телекоммуникациялар саласы және сандық технологияларға көшу бағыттарында түрлі бастамаларды жүзеге асыру бойынша көшбасшы атануымызға барлық мүмкіндігіміз бар. Алдағы уақытта осы бағытта ұйым аясында студент алмасу көзделген.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы бойынша әріптестік байланыс орнатпас бұрын инфрақұрылым жасап алу қажет. Қазақстан, Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінің сала мамандары осы төңіректе тәжірибе алмасты. 

АКМАЛ АРИФДЖАНОВ, АКТ БОЙЫНША МИНИСТРЛІКТІҢ МАМАНЫ /ӨЗБЕКІСТАН/:

 - Өзбекстанда ғаламтор желісінің құнын төмендету бойынша жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері бағасы 26 пайызға кеміді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бішкекте өткен биылғы Саммитінде мүше елдердің басшылары цифрландыру бойынша әріптестік тұжырымдамасына қол қойған болатын. Ендігі мақсат – келіссөзден нақты іске көшу.    

БАУРЖАН ИМАНДОСОВ, ШЫҰ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ РЕФЕРЕНТІ:

 - Біз бір-бірімізге арқа сүйеп қана ортақ мақсатқа жете аламыз. Бұл бәрімізге қажет. Біздің топ мүшелері жұмысының басым бағыттарының бірі әр мемлекетке қажет болатын бірыңғай ақпараттық алаң құру болып табылады. Осының арқасында елдер өзара тәжірибе бөлісе алады. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде көптеп тараған теріс ағымдарды анықтап, оның алдын алу үшін жұмыламыз.

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, электронды үкімет пен сандық инфрақұрылымды дамыту. Бұл ұйым елдерінің таңдаған ортақ басымдықтары екенін айта кеткен жөн.  

Фото: politikus.ru