Жас өнертапқыштар анимациялық латын әліппесін жасады

Қостанайлық жас өнертапқыштар анимациялық латын әліппесін ойлап тапты. 3D мобильді қосымшаға негізделген инновациялық жоба балалардың латынша жазбаны тез әрі ойын түрінде меңгеруіне арналған. Әліппенің басты ерекшелігі – гаджеттермен бірге қолданылуында. Смартфондағы бағдарлама арқылы камераны кітапқа қаратқанда оқулықтан 3D анимациялық суреттер шығады. Бұл – әсіресе есту қабілеті төмен балалар үшін латын әліпбиін визуалды үйренуде таптырмас мүмкіндік. Ал көзі нашар көретіндер бірнеше тілде дыбысталу арқылы жақсы түсінеді. Ілияс Әзілханов мен Зарина Мырзатаева жаңа технологияны 10 күннің ішінде жасап шығарған.

ІЛИЯС ӘЗІЛХАНОВ, ЖОБА АВТОРЫ:

 - Бұл әзірше үлгі ғана. Әлі де жетілдіре түсетін дүниелер көп. Өзіміз ойлап тапқан қосымша шынайылық функциясын болашақта басқа да салаларда енгізу жоспарда бар.

Жоба авторлары балабақша, мектептермен бірлесіп жұмыс істеуді көздейді. Олардың пікірінше, ойын түріндегі технология балалардың тілді меңгеруге деген құлшынысын арттыра түспек.

ЗАРИНА МЫРЗАТАЕВА, ЖОБА АВТОРЫ:

 - 2020 жылдан бастап мектепалды даярлық және бірінші сыныптың оқу бағдарламасында қазақ тілі латынша оқытылады. Сондықтан бүлдіршіндер оған дайын болсын деген мақсатта еңбек еттік. Қарапайым кітап түрінде емес, суреттерді тірілту арқылы әліппе балаларға қызық болатындай істедік.

Фото: Хабар 24