Елордада «Astana IT university» өз жұмысын бастады

Жасанды зерде, киберқауіпсіздік және көлемді мәліметтер. Елордада «Astana IT university» өз жұмысын бастады. Білім ордасында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін қажет кадрлар дайындалады, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Биыл оқу орнында 600-ге жуық студент мамандық игере бастады. Солардың бірі – жас бағдарламашы Иван Крепак. Ресей, АҚШ және Канада елдерінің озық университеттерінен шақыру алғанына қарамастан, қазақстандық жоғары оқу орнына таңдауы түскен. Оқуын тәмамдаған соң, ол киберқауіпсіздік саласында өзінің стартап жобасын іске қосуды жоспарлап отыр.

ИВАН КРЕПАК, УНИВЕРСИТЕТ СТУДЕНТІ:  

 - Мен өскенде қандай мамандық иесі атанатынымды бала кезімде білгенмін. 5-6 жасымда киберқауіпсіздік саласындағы маман болғым келетінін түсіндім. Жүйені сыртқы шабуылдардан, қауіптерден қорғайтын жобалар жасауды армандадым. Осында білім алу мүмкіндігі бар екеніне қуаныштымын. Мақсатым – жоғары дәрежелі маман атану. Бағдарламамыз тәжірибеге бағдарланған. Теориясы аз да, тәжірибесі көп.

Оқу ордасында бакалаврлар 3 жыл ағылшын тілінде білім алады. Оқытушылар құрамы шетелдік және қазақстандық мамандардан жасақталған. Университетте халықаралық ынтымақтастыққа баса назар аударылған.

ҚАНАТ ҚОЖАХМЕТ, «ASTANA IT UNIVERSITY» РЕКТОРЫ:

 - Германиядағы Дортмунд университетімен меморандумға қол қойылды. Бұл – Еуропадағы цифрландыру  саласындағы жетекші оқу орны. Келесі жылы цифрлық трансформация бойынша магистрлік бағдарламаларды ашу жоспарланып отыр. Бакалавриаттан басқа, топ-менеджмент, IT-компанияларға білім беру қызметтерін көрсету ойымыз бар. Шын мәнінде цифрландыру барлық салаларға қажет.

Студенттер криптография, роботты техника, бағдарламалау, көлемді мәліметтер, цифрлық криминалистика және т.б. пәндер бойынша білім алады.

ЕДІЛХАН ДИДАР, УНИВЕРСИТЕТТІҢ АКТ-ЮАҒДАРЛАМАЛАР ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - «Data science» бағытының негізінде мәліметтерді өңдеу болып табылады. Қазіргі уақытта мәліметтер өте көп. Біздің студенттер көлемді мәліметтермен де, машиналық оқудың алгоритмдерін меңгеретін болады. Алдағы 3-5 жылда біздің түлектерімізге сұраныс жоғары болады.

Университеттің ЭКСПО аумағында орналасуы тегін емес. Бұл жерде халықаралық IT-технопарк орын тепкен. Яғни студенттер өздерінің стартаптарын «Astana Hub»  экожүйесінде дамыту мүмкіндігіне ие болады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: Хабар 24