Дәлме-дәл егіншілік технологияларын қолдану

Қазақстанда селекциялық қызмет дамытылып, ауылшаруашылық дақылдарының жаңа түрлері шығарылады. 2018 жылдан бастап агротехникалық университеттердің ғалымдары дәлме-дәл егіншілік жүйелерін еліміздің шаруашылықтарында бейімдеуді қолға алған. Әр өңірдің өз ерекшеліктері бар болғандықтан, бұл – еңбекті көп қажет ететін жұмыс. Зерттеу жұмыстарының нәтижелерінің бірі өсімдіктердің спектрлік кітапханасын құру болып табылады.

АҚЫЛБЕК КҮРІШБАЕВ, С. СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ АГРОТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

- Қазіргі аймақтық жүйені қолданып жүргеніміз жарамайды. Келешекте дәлме-дәл егіншілік пайдаланылатын болады. Сондықтан мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілуі керек, әсіресе, осы шығындарды субсидиялауда, шаруаларға техниканы жаңартуға көмектесуде. Егер бұған қол жеткізсек, ауылшаруашылық дақылдарының түсімі еселеп артатын болады.

Дәлме–дәл егіншілік дегеніміз – нақты есеп. Ол сандық технологиялармен тығыз байланысты. Комбайнды басқарудан бастап, ауылшаруашылық жерлерді егжей-тегжейлі зерттеуге дейін – барлығы компьютердің, GPS-жүйелердің және ұшқышсыз ұшатын ұшақтардың көмегімен жүзеге асырылады.

ФАРАБИ ЕРМЕКОВ, С.СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ АГРОТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ:

- Топырақты өңдеу сапасын, өсімдіктің биіктігі қандай екенін бақылап отырамыз. Өйткені лазер жапырақтардың арасымен өтеді, ол жерге де, жапырақтарға да түседі. Тіпті жапырақтың формасына да жетеді. Бұл – өсімдіктің жағдайын анықтау барысындағы өте маңызды ақпарат. Біз бұл ретте әлемде қолданылатын барлық технологияларды барынша біріктіріп отырмыз. 

Былтыр Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 9 шаруашылық дәлме-дәл егіншілік технологиясын қолданған. Тың тәсілдің тағы бір тиімділігі, егістіктегі зиянкестер мен ауруларды бірден анықтайды.

БЕЛГІБАЙ ҚАНАФИН, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТӘЖІРИБЕЛІК СТАНСАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Шілде айындағы жауын-шашынның мөлшері әр жерде әр түрлі болды. Мысалы, біздің шаруашылықтың көлемінде сол көпжылдық мөлшерден 30-ақ пайызы түсті. Бұл жобалауымызша, алқаптағы мына 30 центнерден кем өнім болмайды.

Мамандардың мәліметінше, ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялар өндірістің өзіндік құнының айтарлықтай төмендеуіне, өнімділіктің артуына және өнім сапасының жақсаруына ықпал етеді.

Фото: egemen.kz