Қазақстанда шетелдік технология бойынша жылыжай салынып жатыр

Қазақстанда жылыжай шаруашылығы көбейіп, ішкі нарықты көкөніспен қамту ауқымы кеңіп келеді.Бүгінде нысандар жаңа шетелдік технологиялармен салынып жатыр. Екібастұзда жақында қызанақ өсіретін тағы бір жылыжайдың құрылысы аяқталады. 50 гектар алқапты алып жатқан нысан еліміздегі ең үлкен кешеннің біріне айналмақ. Бұл осы өңірдегі голландтық технология бойынша раушангүлдер мен қызанақ өсіретін жылыжайдың жалғасы. Биыл оның 10 гектары қолданысқа беріледі. Кәсіпорын арзан қуат көзін тұтынады. Ал өнімнің 90 проценті көрші Ресейге экспортталады. Жаңа жоба ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, дейді мамандар.

ЖАНГЕЛДІ ӘБІЛҒАЗИН, МЕРДІГЕР ҰЙЫМНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

-  Жоспар бойынша тамыздың бірінші он күндігінде біз көшет өсірілетін орынды тапсырамыз. Бір айдан кейін жылыжайдың өзін өткізіп береміз. Барлық жабдықтар алынды, жылыжай кешені голландтық технологиямен салынған. Жобасы да сол жақта әзірленді. Бұл Екібастұзда голландтық технологиямен жүзеге асырылған алғашқы жоба емес. Мұндай жылыжайлар бұған дейін салынған. Супервайзинг пен бақылауды шетелдік мамандар қадағалайды.

Ал Ақтөбедегі жылыжай кешені израильдік технология бойынша салынды. Оның басты ерекшелігі – арнайы торды қолдануында. Аталған тор бір мезгілде күн көзін өткізеді, желдетуді қамтамасыз етіп, өсімдіктерді жағымсыз ауа райынан, сондай-ақ жәндіктерден қорғайды. NetHouse немесе «тор үй» деп аталатын жобаны іске асыру үшін 15 млн теңге қаржы жұмсалған. Бүгінде алғашқы жиын-терім басталды. Әрі өнім өзге жылыжайларға қарағанда бірнеше есе мол. Кешенде өсірілген қияр ірі сауда желілері арқылы тұтынушыларға ұсынылмақ.

БОЛАТ ОТАРБАЕВ, КӘСІПКЕР:

-  Жылыжай ісінде торды қолдану үлкен маңызға ие. Мұнда тұқым себу және суару жүйесі дәстүрлі негізде болғанымен, бір маусымда бірнеше мәрте өнім алуға болады. Әрі өсімдіктер зиянкестерден қорғалады. Нәтижесінде шығымы да жақсы.  

Жылыжай кешендері заманауи жабдықтармен жабдықталған. Жаңа технологиялар бүгінде жеміс-жидек пен көкөністерді жыл он екі ай өсіруге мүмкіндік береді. Бұл қысқа мерзімде сапалы өнім алуға жол ашады.

Фото: agro-raduga.nethouse.ru