Тәулігіне 50 литр суды тазартатын қалта қондырғысы пайда болады

Қазақстанның жас ғалымдары ауыз су қауіпсіздігін қамту мәселесіне сүбелі үлестерін қосып келеді. Қалтаға сыйып кететін мына шағын ғана тасымалы қондырғы тәулігіне 50 литр суды тазартуға қауқарлы. Ал енді бір үлгісіне сүзгі жарғақшасы орнатылған. Бұл өнертабыста өзімен бірге алып жүруге ыңғайлы. Тіпті зертхана немесе өндірістік көлемде суды тұшытуға жарамды. Әзірге елімізде баламасы жоқ бірегей технологиялық жобалар отандық және еуразиялық патентке ие, - деп хабарлайды Kazakh TV телеарнасы.  

НҰРХАТ ЖАКИЕВ, ЖАС ҒАЛЫМ:

 - Тек суды ғана тазарту емес, сонымен қатар басқа да сұйықтықтарды тазартуға мүмкіндік береді. Бұл болашақта сұйық негізде жұмыс жасайтын аккумуляторды жетілдіруге мүмкіндік береді. Медицина саласында қолдану аясы кең. Яғни акустикалық толқындардың көмегімен суды фильтрдан өткізудің әдістерін жетілдірудеміз.

АРМАН ЕСЖАНОВ, ЖАС ҒАЛЫМ:

 - Қазіргі таңда енді бір наносенсорлық құрылғыны құрастырып жатырмыз. Ол – әзірге зерттеліп жатқан талдау үстіндегі жоба. Осы сенсорлар арқылы біз судың құрамындағы аса төмен концентратты  металдарды анықтап, сұйықтықты күрделі әдіспен терең тазарта алатын боламыз. 

Қазақстандық жас ғалымдардың инновациялық өнертабыстары жаһандық деңгейде де  мойындалуда.  Жақында Назарбаев Университетінің студенттері құрастұрған скутер Барселона қаласында өткен халықаралық байқауда үздік деп танылды. Дәстүрлі додада әлемнің әр жерінен келген жас инженерлердің қабілеттері сараланады. Сынға түскен отандық электр көлік нысанының 150 ваттық аккумулятор қуаты 20 километр жолды еңсеруге жетеді. Өзге де сайыс талаптары бойынша мүдірмеген скутер бірнеше лекте топ жара білді. Қазір жеңімпаз жоба әлі де жетілдірілу үстінде.  

ЕРСҰЛТАН БАЙМҰХАН, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

-  Бұл скутердің эргономикасы тексерілді. Сондай-ақ бизнес жоспары және скутердің тағы бір тесті бар жаңбырдың астында бір минут шыдауы керек. Қозғалыс қабілеттері тексеріледі. Мысалы, жылдамдығы, қанша километр жүре алады. Сонымен қатар бұрылыс моневрі тексерілді. Сол тестердің қорытындысы бойынша, біз 1-ші орын алдық.

МАҚСАТ ӘНУӘРБЕК, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Скутердің смартфонға арналған бағдарламасы бар. Яғни осы программа арқылы қолданушы скутерге тек өзі кіре алады. Яғни Bluetooth арқылы паролін жазып қана скутерге қосылып жүре алады. Оны басқа адамдар жүргізе алмайды.

Елімізде соңғы жылдары бірқатар өршіл жас ұжымдасып, бірлескен жобаны жасап шығару үрдісі белең алуда. Шығармашыл жастардың топтық еңбегі жалпы ел қамындағы игі бастамалары үкімет тарапынан үлкен қолдауға ие. Бүгінгі таңда Қазақстандағы ғалымдардың 40 пайызын жастар құрап отыр.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: heinnie.com