Қазақстанда киіктердің көшуі дронның көмегімен бақыланады

Қазақстанда киіктердің көшуі енді әуеден бақыланады. Ол үшін Табиғат қорғау қызметі ұшу аппаратын қолданбақ. Қосымша құралдың көмегімен ел аумағында мекендейтін киіктердің нақты санын анықтау көзделген. Қанатының құлашы 3 метрден асатын және жалпы салмағы 12 килограммдық темір ұшу аппараты – Каспий құбыр консорциумы табыстаған сый.

ҚАЙЫРГЕЛДІ ҚАБЫЛДИН, «КТК-К» БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бұл ұшқыссыз басқарылатын ұшу аппараты киіктердің көшуіне мониторинг жүргізуге, олардың құндылығын анықтауға және қоршаған ортаға, браконьерлікке және басқа да зиянды факторларға қатысты мәселелерді шешуге көмектеседі деп ойлаймын.

Қазіргі кезде Ұлы дала елінде 300 мыңнан аса киік мекендейді. Дегенмен олардың нақты санын айту қиын. Әуе техникасын жалға алудың қымбаттығынан жер-жерлерді тұрақты түрде айналып ұшу мүмкін болмай отыр. Ал ұшқыссыз ұшатын аппараттар – бұл мәселенің шешімін таппақ. Жақын арада мұндай техниканың саны айтарлықтай көбеймек.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Биыл бұл техниканы пайдалануға мүмкіндік беретін нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізе бастадық. Тиісті нормативтік база әзірленуде. Құжат жыл соңына дейін дайын болады.

Келешекте ұшқыссыз ұшатын аппараттар киіктердің популяциясын мониторингтеу үшін ғана емес, сонымен қатар қаскөйлерді, өрт шыққан аумақтарды және жабайы жануарларға төнген басқа да қауіпті аумақтарды анықтау мақсатында пайдаланылмақ.

Фото: inosmi.ru