Қостанай облысында астық тұқымын тазартатын заманауи кешен іске қосылды

Қостанай облысында астық тұқымын тазартатын заманауи кешен іске қосылды. Ол жоғары сапалы тұқым алуға мүмкіндік береді. Астықты өңірдегі жаңа кешен автоматты жүйе негізінде дәнді дақылдарды іріктеп, сұрыптап, тазартып, тауарлысын, тұқымын, сосын қалдығын жеке бункерлерге бір мезетте бөліп құяды. Өндірістің жалпы қуаттылығы – сағатына 10 тонна.

АЛЕКСАНДР СЕМКО, МЕХАНИКАЛЫҚ ҚЫРМАН МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Бұрынғыдай тасып, аударып, әуреленбейміз. Мұнда екі адам ғана қызмет көрсетеді. Әр бункерде, олармен байланысқан таспалы тасымалдағыштарда датчиктер орнатылған. Егер де шуылдап, не бітеліп қалса, жалпы кінәрат табылып жатса, мынa компьютер бірден белгі береді. Нақты қай жерде сынып қалғанын көре аламыз. Өте ыңғайлы. 

Жергілікті шаруа қожалықтарының бірінде жыл сайын 20 мың гектар алқап егілсе, оның жартысы бидай шаруашылығына беріледі. Өнімділік гектарынан 20 центнерді құрайды. Аграрийлердің айтуынша, мұндай көрсеткіштерге ауыспалы егістің арқасында қол жеткізілген. Алдағы уақытта да шаруалар қолға алған жұмысты жалғастыруға ниетті. Сондай-ақ  шаруалар өнімділікті заманауи техникалардың арқасында бірден 10-15% арттыруға ниетті.

ҚАЙРАТ ОСПАНОВ, ШАРУАШЫЛЫҚ БАСШЫСЫ:

 - Бұл кешен тұқымды сұрыптап, тауарлысын, ең өнімді астықты таңдауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мына заманауи техниканың арқасында өнімділік арта түседі деп күтіп отырмыз.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамына сәйкес, 2019 жылы дәнді дақылдардың өнімділігі өткен жылдың деңгейінде болады. Еске салсақ, 2018 жылы 20 млн тоннадан астам астық жиналды.

Фото: kt.kz