Қазақстан ҚХР ауылшаруашылық технологияларын ендіруде

Қазақстан Қытайдың ауылшаруашылығы саласындағы тәжірибесін ендіруді қолға алды. Алматыдан 70 км жерде аграрлық инновациялардың қыр-сырын көрсетуге арналған Қазақстан-Қытай бірлескен тәжірибелік егістік аймағы осымен бірнеше жыл қатарынан сәтті жұмыс жасап келеді. Мұнда аспан асты елінің сәтті жобалары мен астық тұқымдарын жергілікті ортаға бейімдеу шаралары атқарылады. Жалпы бидай, жүгері, асбұршақ, рапс және басқада тұқымдардың 46 түрі сараптаудан өтуде. Аптап ыстық ауа райы бидайды өңдеуге кедергі емес. Дәнді-дақылдар арам-шөптен арылып, арнайы тазарту үрдісінен өтіп жатыр. Түрлі өсімдік ауруларына тексеріледі.

СВЕТЛАНА МИХАЙЛОВА, ҚЫЗМЕТКЕР:

 - Бидайдың түрлері көп. Не ексең – соны орасың. Бітік шығуына түрлі факторлар әсер етеді. Былтыр қытайлық түрін тазаладық. Сапа жағынан айырмашылықтар бар. Қытайлық тұқым ұсақ, ал біздікі ірілеу болып келеді.  

Қытайдың екі бірдей күздік бидай тұқымы тәжірибеден сәтті өтті. Жергілікті ауа райына жақсы бейімделді. Ауру түрлеріне де шыдамды. Өнімділігі де жақсы екенін танытты. Қазір олар 10 гектар аумаққа егілген. Маңайында өзге тұқым түрлері дәл осылай сыналуда.

МАНШҮК ЖЕКСЕМБЕКОВА, «ИНТЕГРАЦИЯ-ТУРГЕНЬ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ, БИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Сондай-ақ өзіміздің отандық тұқымдарды да сеуіп көрдік. Бұған қоса Ресейден жеткізілден дәндер сыналып жатыр. Тәжірибе селекциялардың ерекшеліктерін анықтау үшін жасалады. Қытай, Ресей және жергілікті тұқымдардың шығынымен қатар, геохимиялық құрамы зерттеледі. Яғни олардың кілегейлігі мен құнарлығы сарапталады.   

Ауылшаруашылық инновацияларды іс жүзінде танытуға арналған Қазақстан мен Қытайдың бірлескен тәжірибелік егістік алқабы Алматы өңірінің Түрген ауылының маңында орналасқан. Мұнда Шэнси провинциясының Янлин аймағының тәжірибесін ендіру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл қанатқақты бастама өз жемісін берсе, егістік алаңын 10 есеге дейін ұлғайту көзделіп отыр.  Осы бағытта жұмыла әрекет ету Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыруға сеп болады, дейді мамандар. Тұқымдар толық зерттеліп, сертификатталғаннан кейін сатылымға шығарылады.

ЧЖАО ЭРЛУН, «ШЭНЬСИ ЯНЛИН» ЖШС МАМАНЫ:

 - Біздің компания осы жердегі қызметін 2015 жылы бастады. Ол кезде біз қазақстандық аграрилермен келісімге тұрдық. 4 жылдың ішінде көніл көншітерлік жетістіктерге жеттік. Біз озық технологияларды қолдану арқылы 46 дәнді дақыл түрлерін өсіреміз.

МАНШҮК ЖЕКСЕМБЕКОВА, «ИНТЕГРАЦИЯ-ТУРГЕНЬ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ, БИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Біз жылда Алматы облысында фермер күнін өткізіп тұрамыз. Біз ол жиындарда шаруа қожалықтарын бір жылда жеткен жетістіктерімізбен бөлісіп, саланың жаңалықтарымен таныстырамыз.  

Тек бір ғана Түрген ауылдық округінде 700 шаруа қожалығы тіркелген. Дені өсімдік шаруашылығымен айналысады. Жергілікті атқамінерлер аспан асты елімен әріптестік орнатуға ниетті. Қажетті көмектен аянбайды.                                       

ЕРЖАН КӘРІБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҮРГЕН АУЫЛЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Шетелдік технологтардың келуінен бастап, жергілікті билік өкілдері барынша қолдау жасауға тырысады. Инвесторлар осы жердегі тұрғын үй мәселесін біз арқылы шешеді. Жергілікті атқарушы орган өкілдері болғандықтан, жерді жалға беру және құжаттарды тіркеп, оларды дер кезінде рәсімдеу бойынша демеу жасаймыз.

ҚХР аграрийлері, сондай-ақ қазақстандық әріптестерімен жылыжайларда бақша дақылдарын өсіру бойынша да өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын.  Жақында қызанақ отырғызу жұмыстары басталады. Кейін қытайлық бұрыш пен қияр егу көзделген.  

Фото: informburo.kz