Қазақстанда әлемдегі ең жылдам телескоп іске қосылады

Қазақстанда әлемдегі ең жылдам телескоп іске қосылады

Қазақстанда Назарбаев Университетінің базасындағы халықаралық зертханада әлемде баламасы жоқ телескоп іске қосылады. Атап өтерлігі, бұл – Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғарытехнологиялық энергетикалық ғарыш зертханасы. Мұнда ғаламшардағы құбылыстарға түрлі зерттеулер жүргізіледі. Телескоптың құрамбас бөлшектері АҚШ-тан жеткізілді. Ал шетелдік техниканы модификациялап, жетілдірумен қазақстандық ғалымдар айналысты. Оның бірегейлігі – бұл әлемдегі ең жылдам телескоп. Ол күн белсенділігін бақылау үшін, сондай-ақ қолданбалы ғылымдарды зерттеу үшін пайдаланылады.

БЕКДӘУЛЕТ ШҮКІРҒАЛИЕВ, ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҒАРЫШ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

-  6 секунд ішінде оны аспанның кез келген нүктесіне бағыттап, бақылау жүргізуге болады. Ғарышта өте тез өтетін процестер бар, олардың бірі- гамма серпілістер. Бұл – термоядролық реакциялардың аналогы іспеттес.

Телескоптың екінші бөлігі Алматы облысының Асы-Түрген үстіртіндегі қазақстандық обсерваторияда орналасқан. Жоба осы күзде іске қосылады. Басқа елдің ғалымдары белгіленген уақытта онлайн режимдегі суреттерге қол жеткізе алады. Диаметрі 70 сантиметрлік линзасы бар құрылғы – Назарбаев Университетіндегі Энергетикалық ғарыш зертханасының еңбегі. Ғалымдардың айтуынша, ғаламшардағы құбылыстарды нақты бақылау үшін оларға аса дәл бірегей детекторлар қажет. Қазір отандық ғалымдар осы құрылғыларды жасауды қолға алған.

МАРЖАН БЕКБАЛАНОВА, ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҒАРЫШ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

-  Оларды ақпаратты өңдеуді қажет ететін кез келген салада қолдануға болады. Детекторларды біз ғарыштағы құбылыстар мен гамма серпілістер секілді басқа да феномендерді қадағалау үшін пайдаланамыз. Оны сынақтан өткізу үшін өте төмен температура, абсолютті нөл қажет.

Бұл көрсеткішке телескоп құрамына орнатылатын арнайы қондырғының көмегімен қол жеткізу көзделген. Тағы бір мақсат – ғылыми-қолданбалы жобаларды коммерцияландыру. Бұл күрделі процесс, бірақ нәтижесі маңызды әрі қазақстандық және әлемдік ғарыш саласы үшін баға жетпес құндылық, дейді сарапшылар.

Фото: Today.kz