АҚШ кәсіпкерлері ирригациялық құрылғы өндіретін зауыт құрылысын бастайды

Қазақстан ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл өнімділікті енселей түсуге, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және салаға инвестиция тартуға септігін тигізбек. Америкалық ірі компаниялардың бірі отандық ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобаларға қызығушылық танытып отыр. АҚШ кәсіпкерлері ирригациялық құрылғы өндіретін зауыт құрылысын бастау туралы құжатқа қол қойды. Жоба озық шаруашылықтар желісін құруға көмектеседі. Онда суару және жемшөп өндірісі саласында заманауи технологияларды қолданылатын болады. Жалпы зауыт құрылысына салынатын инвестиция көлемі 50 млн долларды құрайды.

СТИВ КАНЕВСКИ, КОМПАНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ, АҚШ:

 - ЭКСПО көрмесі өткен кезде Қазақстанмен ынтымақтастықта жұмыс істеу идеясы пайда болды. Біз сіздің еліңіздің ұмтылысы мен мүмкіндіктерін көрдік. Жаңбырлатқыш машинаның көмегін қолданатын технология дақылдардың өнімділігін бірнеше есе арттырады, ал өнімді өсіру үшін пайдаланылатын судың мөлшерін азайтады.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа кәсіпорынның өнімдері елімізде егіс алқаптары мен жайылымдары бар жерде үлкен сұранысқа ие болады.

САПАРХАН ОМАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

 - Қазақстанда бүгінде 1,4 млн га суармалы жер бар, ал 2021 жылға қарай тағы да 600 мың гектар жаңа жер бөлінеді деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, 2027 жылға қарай шамамен 3 миллион гектар суармалы жер айналымға шығарылуы тиіс. Ол үшін суару қажет, сондықтан Қазақстандағы жабдықты шығару керек. Жалпы инвестиция көлемі 50 млн долларды құрайды. Өндіріс көлемі - жылына 1000-ға жуық автомобиль

Еліміздің ауылшаруашылық мамандары республика бойынша енгізілген агроөнеркәсіптік инновациялардан да оң нәтиже көріп отыр. Мәселен, саланы цифрландыру арқылы егін алқаптарын ғарыштан бақылау жүйесі іске қосылды. Ол құрылғы  топырақтың құнарының азаюын, өсімдіктердің биологиялық жетілуін, жердің органикалық сан-алуандығын, тіпті ауа-райы өзгерісі туралы ақпаратты 98 пайыз нақты береді, -дейді мамандар. Сандық жүйе арқылы фермерлер назар аударуды қажет ететін дақылдарды егу мүмкіндігіне ие болып отыр.

ШЫНБОЛАТ ЫРЫСАЛИЕВ, «ҚАЗАҚ ЕГІНШІЛІК ЖӘНЕ ӨСІМДІК ШАРУАШЫЛЫҒЫ» ҒЗИ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Осымен 2-3 жыл қатарынан оңтүстік-шығыста егіп осылардың тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Жаңа техникамен комбайнмен көрсетеміз. Шығымдылығы өте жақсы. Сонымен қатар бұрын біздің елімізде қатты дамыған мына сұлы дақылы. Сол дақылды қолға алып осы өсу қасиеттерін зерттеп, гектарына бар болғаны 25 кг егіп, жақсы өнім алатындығына көз жеткізіп отырмыз.

Елімізде 200 ден астам агроқұрылым, 177 мың шаруа қожалығы бар. Сарапшылардың пайымдауынша, шаруалар өз жұмысында ғылым жетістіктерін енгізе отырып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге көтеріп, экспорт көлемін ұлғайта алады.

Фото: bnews.kz