Қазақстан ғарыш техникасы мен технологиясының отандық үлгілерін дамытуда

Қазақстан ғарыш техникасы мен технологиясының отандық үлгілерін дамытуда

Қазақстан ғарыш саласы сияқты экономиканың жоғарытехнологиялық секторын дамытуға үлкен көңіл бөлуде. Әлемдік сарапшылар бұл жағдайды ерекше атап өтіп отыр. Еліміз заманауи ғарыш инфрақұрылымын құрып, ғарыш техникасы мен технологиясының отандық үлгілерін дамытуда. Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смуттың айтуынша, соңғы 10 жылда ғарыш кеңістігін зерттеу саласында жаңалық ашудан рекорд орнатылды. Мысалы, бүгінде Назарбаев Университетінің базасында жұмыс істейтін Энергетикалық кеңістіктегі зертханада ғарыштан сигналдар жазатын детекторлар әзірленуде. Олардың көмегімен жаңа ғарыштық ашылымдар жасауға болады. Сонымен қатар зерттеушілер қол жеткізген жетістіктерін одан әрі дамыта түсуге ниет білдіріп отыр. Мұнда ғалам мен ғарыш кеңістігін зерттеудің халықаралық орталығын құру жоспарланып отыр. Осы және өзге де тақырыптарды қазақстандық ғалымдар шетелдік әріптестерімен бірге талқыға салды.

ДЖОРДЖ СМУТ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҒАРЫШ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ, НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ

-  Қазіргі уақытта Қазақстанның энергетикалық ғарыш лабораториясы әлемдік университеттермен және зертханалармен ынтымақтаса жұмыс істейді. Мысалы, Гонконг Ғылым және Технология Университеті және Берклидегі Калифорния Университеті. Осындай ынтымақтастықтың негізінде біз Қазақстанда қолданбалы ғылымды дамытып қана қоймай, сонымен бірге астрофизиканы зерттеуге де үлес қосамыз. Халықаралық деңгейдегі жетістік пен бірлескен жұмыс гравитациялық толқындардың ашылуына көмек берді.

Ал күзде республикада әлемдегі ең жылдам телескоп іске қосылады. Ол Ассы-Түрген шатқалындағы қазақстандық обсерваторияда орнатылды. Қазір  онда онлайн режимде өзге де елдердің ғалымдары фотосуреттер алу үшін сынақ жұмыстарын жүргізуде. Айта кетейік, диаметрі 70 см болатын линзалы құрылғы Назарбаев Университетіндегі Энергетикалық ғарыш зертханасының еңбегі болып табылады.

ҚАНАТ БАЙҒАРИН, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Бұл – бұл әлемдегі ең жылдам телескоп. Ол лезде болатын, қысқа мерзімді астрофизикалық құбылыстарды зерттеуге арналған. Қарапайым телескопты орнатып, оны айналдыра отырып қарағанша, керек болған астрономиялық құбылысты тауып алғанша уақыт көп кетеді. Бұл телескопқа келетін болсақ, ол дайын тұрған барлық телескоп құрылғыларының жалпы жүйесіне кіреді. Мысалы, ғарыштық спутниктен әдетте нормадан жоғары жарқыл пайда болады. Бұл сигнал бізге 15-10 секундта келеді. Осы уақыт ішінде телескопты дұрыс бағытқа бұрып қойып, қақпағын ашып үлгеріп, оны көруге мүмкіндік беріледі. Осындай дайындық жұмыстарына біз небары 10 секунд жұмсаймыз.

Бүгінгі таңда Қазақстан нағыз ғарыш державасына айналды. Елімізде ғарыш аппаратын аспан кеңістігіне шығарудан бастап, халықаралық ғарыштық станцияда ғылыми зерттеулер жүргізу мен зымырандар шығаруға арналған жеке кәсіпорындарға дейінгі өндіріс жүйесінің толық циклі құрылған. Ал жыл соңына дейін елордада ғарыш аппараттарын жинау-сынау кешенін таныстыру жоспарланып отыр.

Фото: rg.ru