Қазақстандық шаруалар заманауи технологияларды қолдануда

Қазақстандық шаруалар заманауи технологияларды қолдануда

Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру шеңберінде бес жыл ішінде кем дегенде 20 цифрлық және 4 мың озық ферма құру жоспарланған. Автоматтандыру өнімділікті еселеп арттырып, шығындарды азайтады. Қостанай облысында оны іс жүзінде дәлелдеп жүрген шаруашылықтар бар. Мұнда осыдан үш жыл бұрын тың жүйе енгізле бастаған. Бүгінгі таңда ауылшаруашылық техникаларының барлығында жерсеріктік навигаторлар орнатылған. Сонымен қатар ауылшаруашылық дақылдарының ауруларын автоматты түрде анықтайтын жүйе де сәтті жұмыс істеп тұр. Ол минералды тыңайтқыштар шығынын қысқартып, алқаптарға химиялық әсерді азайтады.

ИБРАШ ЕСТАЕВ, ШАРУА:

- Жаңа технологиялардың пайдасы өте зор. Неше жыл бойы, нақты қай жылы, қандай дәнді-дақылдар себілді, соның бәрін көріп отыруға болады. Мысалы, уландыруға қатысты,  бұрын кейбір жер себіледі, кейбір жерге дәріні шашып тастайды. Енді қазір қай егістікте, қаншама процент уландыру керек екенін біз ғарыштан біліп отырамыз.

Түркістан аймағындағы фермерлер де цифрлық шаруашылықтың артықшылықтарын бағалап үлгерді. Сарапшылардың пікірінше, автоматтандыру өндірілетін сүт өнімдерінің көлемін арттырып, сапа көрсеткішін жақсартты. Бір «робот сауыншы» күніне үш рет 70 сиырды сауады.

АБЫЛАЙ ӘБІШОВ, СЕРІКТЕСТІК БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бұл роботтардың айырмашылығы, қазіргімен қарағанда біршама арзан. Алдыңғы роботтар бір сиырды 7-8 минут сауса, бұл 5 минутта сауады. Бір роботқа 60 емес, 70 сиырдан келіп отыр.

Ал Алматы облысындағы мал шаруашылығы сүт өнімдерін өндіруде жаңа әдіс қолданады. Ферманың ішінде ауаның өзі жыл мезгіліне сәйкес жылытылып-салқындатылады. Мұнда да сауын жүйесі енгізілген. Жобаны жүзеге асыру үшін жалпы құны 2 миллиард теңгедей қаржы жұмсалды.

ЖАНАТ МАКСИМ, ФЕРМА ОПЕРАТОРЫ:

- Біз кадрларды дайындау, мал күтімін, жем-шөп мәселесін басты назарға алдық. Жоба барлығы 400 Зеңгі баба төлін қамтамасыз етуге арналған. Азық базасын кеңейтсек, сәйкесінше мал басын да көбейтеміз.

Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру өндіріс сапасы мен көлемін арттырып қана қоймай, шаруалардың еңбегін де жеңілдетеді.

Фото: agri-pulse.com