Қазақстан мен Оңтүстік Корея цифрландыру тәжірибесімен алмасты

Қазақстан мен Оңтүстік Корея цифрландыру тәжірибесімен алмасты

Қазақстан мен Оңтүстік Корея цифрландыру тәжірибесімен алмасты. Инчхон қаласында өткен шараны елордадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб ұйымдастырды. Оңтүстік Корея  электрондық үкіметті даму көрсеткіші жағынан әлемде екінші орында тұр. Қазақстан – отыздықтың ішінде. Ал, өткен айда оңтүстіккореялықтар 5G байланысты пайдалануға мүмкіндік алды. Оның бір артықшылығы - қашықтықтан медициналық оталар санын арттыруға болады.

ФИЛИПП ЛИ, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ӘКІМШІЛІК ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:

- Қазақстанның жер аумағы үлкен. Сондықтан өңірлерде білікті дәрігерлер жетіспеуі мүмкін. Корея Республикасы көлемі жағынан шағын болса да дәл сондай мәселе туындайды. Алыстағы өңірлерде сауатты дәрігерлер тапшы. Сондықтан біз 5G технологиясын пайдаланып қашықтан операция жасаймыз.

Инчхон халықаралық әуежайында биыл биометриялық бет-әлпетті тану технологиясы енгізілді. Бұл ұшаққа төлқұжатсыз және отырғызу талонынсыз мінуге мүмкіндік береді. Жергілікті мамандар қазақстандық әріптестерін осы және басқа да тың технологиялық жетістіктерімен таныстырды.

Аталған жүйенің арқасында экспорт және импорт өнімдерін кедендік рәсмдеу әлдеқайда тез жүргізіледі. Мұндай технологияны кез келген мемлекетте, яғни Қазақстанда да енгізуге болады. Өйткені ол халықаралық талаптарға сай келеді. Жалпы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында кейбір ақылды технологиялар биыл енгізілмек.

АБЫЛАЙХАН ОСПАНОВ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Бізде кептелісте тұрып қалған көлік санына байланысты бағдаршамдарды ауыстырып-қосатын ақылды көше қиылыстарымыз бар. Сонымен қатар, автобустар қай уақытта келеді, соны хабарлайтын ақылды аялдамалар да орнатылды. Сондықтан смарт сити жобасының енгізілуі іс жүзінде барлық қалаларымызда басталды деуге болады.

Қазақстанның электрондық үкіметі Оңтүстік Корея моделінің негізінде дамытылды. Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық одан әрі жалғасады. Жақында өткен екі ел президенттерінің келіссөздер қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтанда қазақ-корей халықаралық IT орталығы ашылады.

Фото: ukrinform.ru