Елордалық кәсіпкер егістікке ғарыштан мониторинг жасамақ

Егістік және жайылымдық жерлерге мониторинг жасау жүйесі әр шаруаға қолжетімді болуы керек. Елордалық кәсіпкер Жандос Керімқұлов жергілікті фермерлерге өзінің агростартап жобасын ұсынып отыр. Бұл – ғарыштан түсірілген суреттердің негізінде ауылшаруашылық жерлерін талдау қызметі. Жас маман өз командасымен бірге еуропалық және америкалық жерсеріктері түсірген суреттерді ғарыш агенттіктерінің ашық деректер базасынан алады. Жоба авторының айтуынша, бұл мониторинг құнын әлдеқайда арзандата түспек. Осылайша агрономдар уақыт пен қаражат үнемдейді, сондай-ақ, әдеттегідей даланы күнде аралау қажет болмайды. Егістік және жайылымдық жерлердің учаскелерін 10 метрге дейінгі дәлдікпен көре алады.

ЖАНДОС КЕРІМҚҰЛОВ, ЖОБА АВТОРЫ:

- Сіз егіс алқабының кадастрлық номерін тересіз. Ол бойынша оның шекарасын анықтаймыз. Сосын сұраным жібереміз. Кейін қажет суреттерді жүктейміз де, радиометрикалық корреция жасаймыз, содан соң түрлі индекстер бойынша есептеу жүргіземіз. Браузерде жұмыс істеуге ыңғайлы болуы үшін оны вебнұсқаға ауыстырамыз. Одан ары егіс алқабына толықтай талдау жүргізіледі. 

Ғалымның айтуынша, мұндай мониторинг – нақты егін шаруашылығының құралдарының бірі. Картография аграрийлерге учаскелерде орын алған проблемаларды бақылауға және оларды жою үшін қажет шараларды шұғыл қабылдауға мүмкіндік береді. Қазақстандық стартаптың көмегімен топырақтың ылғалдылығын, азот деңгейін, қар жабынының биіктігін анықтауға және егін түсімін болжауға болады. Айта кетейік, суреттер әрбір бес күн сайын жаңартылып отырады.

ЖАНДОС КЕРІМҚҰЛОВ, ЖОБА АВТОРЫ:

- Егер егін егіп, кей жерлерге егін шықпаса, келесі жолы сол учаске туралы біліп отырасыз. Немесе вегетациялық кезеңде өсімдіктер қандай да бір ауруға ұшыраса, бірден анықтап, шара қабылдауға болады. Осылайша аурудың егістікке жайылуын болдырмайсыз да, егініңізді сақтап қала аласыз.

Келешекте Жандос бұл жобамен шетелдік, оның ішінде ресейлік нарыққа шықпақ. Оның пікірінше, ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізін құрайтын Африка елдерінің әлеуеті зор. Бірақ қазіргі кезде ол жобасын Қазақстанда кеңінен ендіруге басымдық беріп отыр.

Фото: forbes.kz