«Smart Zholy» акселерациялық бағдарламасы қорытындыланды

«Smart Zholy» акселерациялық бағдарламасы қорытындыланды

«Smart Zholy» акселерациялық бағдарламасының қазылар алқасы жеңіске жеткен 10 команданы анықтады. 24-25 мамырда олардың жобалары Сингапурда Оңтүстік-Шығыс Азияның ірі стартап-алаңында көпшілік назарына ұсынылмақ. Тұңғыш Президент қорының акселерациялық бағдарламасы үш жылдан бері жас қазақстандықтарға өздерінің тың жаңалықтарымен жаһандық нарықта бөлісуге және венчурлік инвесторлар табуға мүмкіндік беріп келеді. Биыл оған 60 команда, яғни Қазақстанның түрлі өңірлерінен 250-ден аса адам қатысты. 

АЗАМАТ ҒАЛЫМЖАНОВ, СТАРТАПШЫ:

- Біз биометриялық банкоматтар, биометриялық сәйкестендіру жүйелерін құрастырамыз. Яғни жеке куәліктерді сканерлейміз, одан кейін адам суретке түседі, ал біз ол адамның бет-әлпетінің бірегей қасиеттері арқылы оның жеке куәлігін берген адам екенін салыстырамыз. Оны түрлі бағыттарда қолдануға болады: бақылау-өткізу бекеттерінде, сақтандырау компанияларында.

Сингапурда ақтық сында өз жобаларын таныстыратын жастар шетелдік сатып алушыларды тауып қана қоймай, сондай-ақ өз істерін дамыту үшін қосымша қаржы тарту мүмкіндігіне ие болады.

МӨЛДІР ҚҰСАЙЫНОВА, СТАРТАПШЫ:

– Жобаның аты foxout.kz, бұл - қазіргі уақыттың талабына сай жастарға арналған заманауи билет сервисі. Қазіргі таңда Қазақстанда қызмет жасап жатырмыз, алда басқа да Орта Азия мемлекеттеріне шығуды жоспарлап отырмыз, соның ішінде Өзбекстанға. Бұл жобаға қатысу себебіміз - инвестиция жинау.

Үш жылдың ішінде «Smart Zholy» акселерациялық бағдарламасына 230 команда қатысқан. Олардың жеткен жетістіктері де мақтануға тұрарлық. Мысалы, өткен жылы стартаптардың бірі сингапурлық венчурлік қордың инвестицияласын иеленсе, екіншісі Оңтүстік-Шығыс Азияның үздік жобаларының ондығына енді. 

Фото: presidentfoundation.kz