Жастар жылы: ТКШ саласындағы инновациялар

Қазақстандық студенттер Қуаныш Қырықбаев пен Жарасхан Қуанышұлы ерекше ноу-хау ойлап тапты. Энергоресурстарды есептеу құралдарынан деректерді қызмет көрсететін компанияларға беруге арналған заманауи құрылғы. Толықтай қазақстандық үлесті қолдана отырып жасалған өнертабыстың өзіндік құны төмен. Ол  импортты алмастыру мәселесін шеше алады.

ҚУАНЫШ ҚЫРЫҚБАЕВ, СҮЛЕЙМАН ДЕМИРЕЛ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТ СТУДЕНТІ:

 - Есептеуіштен берілетін импульстік деректерді цифрлық мәндерге түрлендіру үшін радиомодемге беріледі. Содан кейін деректер LoRaWAN немесе NB-ІоТ сымсыз радиожиілік интерфейсінің көмегімен базалық станцияға жіберіледі. Барлық тұрғын үй кешенінен деректерді жинағаннан кейін есептеуіштен көрсеткіштер энергия сервистік компанияларға жіберіледі.

Әзірлеушілер «ақылды» құрылғыларды қолданудың арқасында есепшоттар бойынша қателіктерді толықтай жоюды көздейді. Сондай-ақ қолданылған ресурстарға ғана төлем жасағандықтан, қаражатты  барынша үнемдеуге болады. Және барлық үрдіс ашық болады. Қолданыстағы есептегіш құралдарды алмастырмай-ақ, радиомодемдерді орнату мүмкіндігі қарастырылған. Бұзылуға қарсы цифрлық қорғаныс та жасалыпты. Әрі  электр жарығы өшкен кезде де интернет-қосылыссыз автономды жұмыс істей алады. Қазақстандық жас өнертапқыштардың бастамалары Жастар жылы аясында қолдауға ие болмақ.

БАҚЫТЖАН СӘЛІМОВ, «ҚазОрталық ТКШ» АҚ  БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Жоба авторлары  қазірдің өзінде  біраз шаруа тындырды деуге болады. Осы уақытқа дейін олар бірнеше байқауға қатысып үлгерді. Ақшалай қолдау көрсетіліп, өнімнің пилоттық даналары сатып алынды. Болашақта бұл өнімді  жаппай өндіріске шығаратын өнеркәсіптік ұйым да табылып отыр. Өйткені бұл радиомодульді таратқыштың өзге бәсекелестерге қарағанда артықшылығы бар.  Мұндай мәліметтер беру жүйесі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын цифрландыру бағдарламаларын іске асыру кезінде қолданылатын болады.  

«ҚазОрталығында» ресурстарды тиімді жоспарлап, таратуды көздеп отыр.  Бұл «Жасыл» экономикаға көшуге негіз жасайды. Жоба елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде сыналуда. Алдағы уақытта ол Астанадағы көпқабатты үйлерде де қолданыла басталады. Кейін барша өңірлерде енгізілетін болады.