Биыл мемлекеттік қызметтердің 80% электронды жүйеге көшіріледі

Биыл мемлекеттік қызметтердің 80% электронды жүйеге көшіріледі

Өткен жылы Қазақстан электронды үкіметтің қарқынды даму көрсеткіштері бойынша 39-шы орынға тұрақтады. Бұл – БҰҰ-ның зерттеу қорытындысы. Жалпы E-Gov  порталы арқылы 30 миллион қызмет түрі көрсетілген. Жүйеге тіркелген пайдаланушылар саны 8,5 миллионнан асып жығылады. Негізінен денсаулық сақтау саласына қатысты қызметтердің көмегіне жүгінетіндердің қатары басым. Осы орайда 4 айда ғана 70 мыңға тарта қызмет ұсынылыпты. Бизнестің тиімділігін арттыруға қатысты өтінімдердің тізімі де аз емес. Электронды форматта көрсетілетін 165 мемлекеттік қызмет түрлерінің тең жартысы субсидиялау мен рұқсат құжаттарын рәсімдеп алуға қатысты. Жақында тағы 140 қызмет түрі сандық жүйеге көшіріледі.  

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ:

 - Бір жылда қағаз түрінде ұсынылатын 110 миллион құжат қысқарады. Ең бастысы көрсетілетін қызмет түрлері халыққа ұғынықты, қолжетімді және пайдалы болуы үшін бар күш-жігерімізді, мүмкіндіктерімізді жұмсауға дайынбыз. Осы бағыттағы жұмыстар бір сәтке де тоқтамайды.

Бұл орайдағы маңызды тұстардың бірі – E-Gov жүйесін жетілдіру. Қазіргі таңда электронды үкіметтің мобильді қосымшасында 90-ға тарта түрлі қызмет түрлері ұсынылады. Жуық арада олардың да қатары арта түспек. Ол үшін электронды үкіметтің мобильді және веб-нұсқалары үйлестірілетін болады.