Интернет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бағдарлама жасап шығарылды

Интернет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бағдарлама жасап шығарылды

Қазақстанда әртүрлі деңгейлердегі жаңалықтар күн сайын дерлік ашылып жатады. Тіпті мұғалімдер мен оқушылар да ғылыми-зерттеу жұмыстарына өз үлестерін қосуда. Қостанайлық жасөспірім интернет ресурстарының осал тұстарын анықтайтын бағдарлама жасап шығарды. Бұл – 11-ші сынып оқушысының өзі ойлап тапқан төл туындысы. Бағдарламаны шалғайдан басқаруға болады. Және ол веб-порталдың қандай да бір кемшілігін тез арада анықтайды. Жас өнертапқыш қазіргі цифрландыру заманында кибер-шабуылдан қорғанудың маңызы зор екендігін айтады. Ал жаңа бағдарламаның интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиетіндігіне сенімді. Жақында оны патенттеп алу ойында бар.

ПЁТР ШИЛОВ, ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШ:

 - Осы скрипті жазуда бағдарламалаудың тілін білдім. Жеке мәліметтерді ұрлаушыларға қарсы тұру үшін осындай бағдарлама жасап шығардым.

Сонымен қатар Алматы облысында ауыл мектептеріндегі мұғалімдер мектеп оқу бағдарламаларының кітаптарына арналған мобильдік қосымшаны әзірледі. Бүгінгі таңда 5-11 сынып оқушылары үшін 30 көркем әдебиет цифрландырылған. Жақын болашақта ұстаздар барлық оқулықтар мен электронды кітапханалардың цифрлық нұсқаларын жасауды жоспарлап отыр. Осылайша, мұғалімдер оқушылардың білім алуына барлық жағдайды оңтайландыруды қарастыруда, Сондай-ақ мұғалімдер электронды форматқа барлық оқу жоспарлары мен оқу құралдарын аудару жолдарын да қарастырып жатыр.  

АРДАҚ ҚЫРЫҚБАЙ, ШЕЛЕК АУЫЛЫНЫҢ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз зағип балалар үшін осы кітаптардың аудио нұсқасын жасадық. Олардың көзі нашар немесе мүлдем көрмегендіктен, оқи алмайды. Сондықтан балалар бұл мәтіндерді тыңдай алады.