Цифрлық сейсмикалық карта

Цифрлық сейсмикалық карта

Үйлердің техникалық жай-күйі жөніндегі ақпарат цифрлық форматқа көшірілді. Алматылық сәулетшілер ғимараттардың электрондық төлқұжаттарын жасауда. Қазіргі таңда 10 мыңға жуық нысан цифрландырылған. Жаңа технологиялардың арқасында қайта жоспарлауға жұмсалатын уақыт 2 есеге қысқарды. Цифрландырудың көмегімен құрылысты бастауға қажет рұқсат қағаздарын алу да мүмкін болып отыр. Бұл үшін үйден шығудың қажеті жоқ. Бәрі онлайн режимде жүзеге асырылады.

АЛМАСХАН АХМЕДЖАНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз сәулет-жоспарлау тапсырмасын электронды алу әдісін әзірледік. Яғни тұрғындар өз үйлерінен шықпай-ақ өтініш тапсыра алады. Ол өтініш жүйеде өңделеді. Картада бұл нысанның қай жерде екендігі көрсетіледі. Бұл нысанға өткізілетін инженерлік коммуникацияларды да көруге болады.

Мамандар заманауи аэро-фототүсірілімнің көмегімен шаһарды толықтай сканерлеп, 3D бас жоспар құрды. Цифрлық карта қала құрылысымен байланысты көптеген шараларды онлайн режимге көшіруге мүмкіндік берді.

АЛМАСХАН АХМЕДЖАНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Мемлекет басшысы айтқан барлық реформалар жүзеге асырылып,  бірқатар іс тындырылды деп ойлаймын. Мәселен, рұқсат алу үрдісі барынша жеңілдетілді. Бұған дейін барлық қызметтер жеке-жеке қарастырылатын. Қазіргі таңда олардың бәрі бір серверге біріктіріліп отыр.

Мамандар цифрлық карта көптеген инвесторлар үшін қызықты болады деп отыр.