Саумал негізіндегі отандық өнім нарыққа шықпақ

Саумал негізіндегі отандық өнім нарыққа шықпақ

Қазақстандық ғалымдар саумал негізіндегі отандық өнімді нарыққа шығармақ. Ғалымдардың пікірінше, оның қолдану ауқымы өте кең. Саумал негізіндегі өнім асқазан-ішек ауруларынан айықтырып, иммундық жүйе жұмысын қайта қалпына келтіреді. Бұған қоса, ол семіздік пен қант диабетіне шалдыққандар үшін таптырмас зат.

САМАТ ҚОЖАХМЕТОВ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

-  Антибиотик қабылдағаннан кейін, созылмалы аурулардан, қоршаған ортаның зиянды факторларынан кейінгі микрофлораны қалпына келтіруге тиімді. Біз осы бағытта көптеген зерттеулер жүргіздік. Біздің шетелдік серіктестерімізбен, атап айтар болсақ, Жапония, Қытай, Германия, тағы басқа мемлекеттермен бірге көптеген ғылыми жобаларымыз болды. Қазір біз осы флораны түзету үшін өнімді дамытуға мүмкіндік беретін деңгейге жеттік деп толықтай айта аламын.

Метабиотикті Назарбаев Университетінің ғалымдары ойлап тапқан. Бүгінде өнімнің биологиялық белсенді қоспасының құрамы жан-жақты зерттеліп, адам денсаулығына пайдалы тұстары дәлелденді. Өнімді тек тіркеу ғана қалды.

САМАТ ҚОЖАХМЕТОВ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Метабиотик дегеніміз – ең алдымен зат алмасу өнімдері. Ол қабылдағаннан кейін бірден жұмыс істей бастайды. Мысалы, салыстырмалы түрде айтсақ, пробиотиктің әсерін 6-8 сағаттан кейін ғана сезе аласыз. Сондықтан метабиотик өте тиімді. Оның құрамы табиғи заттардан тұрғандықтан, ағзаға жеңіл сіңеді және бәрінен де көп мөлшерде күш-қуат береді.

Айта кетейік, зерттеушілер өнімді 3 жыл зерттеген. Сонымен қатар жоспар бойынша, дәрумен 2019 жылдың соңында Қазақстан нарығына шығуы тиіс.