Жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу аукционы

Жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу аукционы

Қазақстандағы «жасыл» энергия үлесі өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,3%-ға жетті. Тиісті ведомствоның мәліметінше, жаңартылатын энергия көздері 500 мегаваттан артық энергия өндірген. 2018 жылы ел тарихында тұңғыш рет инвесторларды тартудың маңызды механизмі сәтті енгізілді. Ол – жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу аукционын енгізу. Қатысушыларға еліміздегі жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жаңартылған энергия көздері жобаларын сату ұсынылды. Қазіргі таңда жаңартылатын энергия көздері аукционы әлемнің 64 елінде ұйымдастырылады. Олар саланың инвестициялывқ тартымдылығын арттырып, электр қуатының бәсекеге қабілетті құнын белгілеуге жағдай жасайды.

САЛТАНАТ РАХЫМБЕКОВА, «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА» ЖӘНЕ G-GLOBAL-ДЫ ДАМЫТУ КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ» ТӨРАЙЫМЫ:

 - Аукциондардың нәтижесі бойынша, қазіргі таңда күн электр стансасының 1 киловаты – 22 теңге, ал жел энергиясының құны – 20 теңге. Ал 2020 жылы бізде жаңартылған энергия көздерінің үлесі 3 пайыз шамасында болуы тиіс. Бұл көрсеткішке жету үшін аукцион сатылымына 100-ден астам компания қатысты. Екі аукционның қорытындысы бойынша, 15 жылға 30 келісімшартқа қол қойылды. Нақты тарифтер белгіленді.

Аукциондардың нәтижесінде, 300 млрд теңге инвестиция тартылды,-дейді сарапшылар. Елде күн және жел электр стансалары салынбақ. Жобалар Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола және Қостанай өңірлерінде жүзеге асырылады. 2020 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің 124 нысанын іске қосуды жоспарлауда. Былтыр «ЭКСПО-2017» кезінде де елде жаңа технологиялар белсенді енгізілді. Сарапшылардың айтуынша, көрмеден соң елде «жасыл» энергетиканы дамытуға серпін берді.

ЕЛДОС АБАҚАНОВ,  «ҚАЗАҚСТАН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҰЙЫМДАРЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - «ЭКСПО» көрмесінен кейін жүзден астам жоба қалыптасты. Оны технологиялар қолданысқа енгізілуде. Қазақстандағы ірі кәсіпорындар бұл технологияларды өз жұмыстарында енгізуге ниетті. Осы бағыттағы шараларды қолға алып отыр. Әкімдіктер, жергілікті атқару органдары да осы технологиялардың мүмкіндіктерін зерттеуде.

Аймақтарда «ЭКСПО» көрмесінде болған 30-дан астам технология енгізілген. Олар дәстүрлі жанар-жағармай қолданысын азайтып, қалаға, жалпы қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтардың көрсеткішін қысқартады.