«Smart City» жүйесі: Ақтөбе қаласы

«Smart City» жүйесі: Ақтөбе қаласы

2030 жылға қарай Жер бетіндегі «ақылды» қалалардың саны 600-ден асады деп болжанып отыр. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Астана, Алматы, Қарағанды сынды ірі қалаларда «Smart City» жобасын дамыту көзделген. Қазірдің өзінде түрлі салаларда жайлылық, қауіпсіздік, тиімділік және қоршаған ортаны қорғау сынды мәселелер ескерілген «ақылды» орта құрылып жатыр. Олардың қатарында Ақтөбе қаласы да бар. Еліміздің төртінші агломерациясы ретінде жарияланған Ақтөбеде дәстүрлі халыққа қызмет көрсету орталықтарынан бас тартқан. Халықтық кеңсе атанған жаңа орталықта 500-ге жуық қызмет түрі көрсетіледі. 

БАЛҚИЯ БІРМАҒАМБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

 - Электрондық әдіске айналуына байланысты керек қағазымды бір минуттың ішінде алдым. Халыққа өте ыңғайлы. Баршаңызды осымен жұмыс істеулеріңізді сұраймын! Рақмет!

Халыққа қызмет көрсету орталығынан бөлек бұл ғимаратта «Smart City» жүйесінің басқару пульті орналасқан. Бұл жерде полиция департаменті мен қалалық әкімдік орнатқан 500-ге жуық бақылау камералары қадағаланады. Болашақта шаһардағы 9 мыңға жуық камерамен байланыс орнатуға мүмкіндік туады. 

ІЛИЯС ИСПАНОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:

 - Көлік қозғалысын реттеу. Бұл жердегі құқық бұзушылықтарды тез арада анықтау, жүргізушілерге осы туралы мәліметті жедел жеткізіп, болашақта қайталанбауы туралы ескертулер беру – ең бастысы. Одан бөлек халықты тасымалдау көлігінің азаматтарға ыңғайлы етіп жасау үшін «Ақтөбе-БАС» жүйесі жүргізіліп, бұл жерде электронды билет қазір тесттік жүйеде 46 маршрутта жүргізіліп жатыр. 

«Ел айна» аталған жоба 2020 жылға дейін «Ақпараттық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асады. Болашақ агломерация тұрғындары шаһар туралы ақпаратты smart-қосымшалар арқылы қол жеткізе алады.

Ал Батыс Қазақстан облысында цифрландыру бағдарламасы шеңберінде 50-ден астам жоба жүзеге асып жатыр. Мәселен, жуырда ғана іске қосылған «Smart Орал» мобильді қосымшасы жұртшылық арасында кеңінен қолданысқа ие. Кез келген смартфонға жүктеуге болатын электронды анықтамалық, әсіресе жастар үшін өте тиімді. Ал «Қолжетімді әкімдік» алаңы арқылы бір жылда 40 мыңнан астам тұрғын сапалы қызмет алған. Бүгінде мұнда 10 мемлекеттік және 18 қосымша қызмет түрі ұсынылады. Ай сайын мұнда 4 мыңға тарта қала тұрғыны келеді. Өздерін толғандырған сан-сауалға жауап тауып, жұмыстарын тез бітіріп қайтады.  

АЛЕКСЕЙ ГУРИН, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Өте ыңғайлы. Шынымен де әкімдік қолжетімді. Барлық сұрақтар жедел шешімін табуда. Мен ойлағаннан да тез дайындалды. Бір күннің ішінде.

НҰРСҰЛТАН НҰРЛАН, МЕМЛЕКЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР ЖӘНЕ АРХИВТЕР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Бұл қосымшаның басты идеясы түрлі қызметтерді бір жүйеге келтіру болып табылады. Мысалы, үлгі ретінде көлік бағытын алайық. Сонымен қатар ұшақтар рейсі туралы да ақпаратты алуға көп жүгінеміз. Сол кезде анықтамалық кітапшалар мен автобекеттерге хабарласпай осы қосымшадан көре аламыз.

«Smart Орал» мобильді қосымшасында 30 шақты электронды қызмет түрі қамтылған. Оның көмегімен дәрігерге үйден жазылып, баланы балабақша кезегіне қоюға болады. Тұрғын үй немесе жер теліміне қатысты кезегін анықтап, еңбек нарығында қолайлы жұмыс та тауып алуға  мүмкіндік бар.  

 

«Smart Орал» мобильді қосымшасында 30 шақты электронды қызмет түрі қамтылған. Оның көмегімен дәрігерге үйден жазылып, баланы балабақша кезегіне қоюға болады. Тұрғын үй немесе жер теліміне қатысты кезегін анықтап, еңбек нарығында қолайлы жұмыс та тауып алуға  мүмкіндік бар.