Ақтөбе облысында ірі жел қондырғысының құрылысы басталды

Ақтөбе облысында  ірі жел қондырғысының құрылысы басталды

Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамытуда ден қойған. Сарапшылардың пайымдауынша, 2050 жылға қарай елімізде өндірілетін барлық энергияның жартысы баламалы болуы керек. Бұл игі бастаманы Ақтөбе облысы да қолдайды. Осы мақсатта өңірде елдегі ірі жел қондырғысының құрылысы басталды. Бұл италиялық корпорацияның қазіргі заманғы энергетиканың қазақстандық секторындағы алғашқы ауқымды инвестициялары болады. Жобаның құны 33 млрд теңгеден асады. Жел электр станциясының жалпы қуаты – 48 мегаватт.  Қарғалы ауданында орналасатын нысанда ротор диаметрі – 130 метр, биіктігі – 85 метр болатын, 13 турбина салынады. Жаңа өндіріс орны осы жылдың соңында қолданысқа беріледі.

НҰРТУҒАН ОРАЛБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ИИД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Жел станциясы аймақты сағатына 198 киловатт электрмен қамтамасыз етеді. Болашақ экономикасының негізі баламалы энергия көздері болатындығын ескерсек, бұл жобаны жүзеге асыру елеміздің жасыл экономикаға көшу жоспарымен толықтай сай келеді. Елбасы да өз жолдауында бұл мәселеге аса ерекше көңіл бөлетіндігі белгілі.

Сонымен қатар Жамбыл облысында, Орталық Азиядағы ірі Күн электр стансасы, «Бурное Солар-2» қуаттылығын екі есеге арттырды. Қазіргі уақытта қуаты 100 мегаватт болатын 377 000 күн батареясы бар. Күн ашық күндері олардың әрқайсысы тәулігіне 330 мың киловатт сағат электр энергиясын өндіреді. Бүгінгі таңда күн электр станциясының жұмыс барысы толығымен автоматтандырылған және мамандардың тұрақты бақылауында.

НҰРЛАН ҚАПЕНОВ, КҮН ЭЛЕКТР СТАНСАСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Қуаттылығы 100 МВт болатын күн электр станциясы жобасын іске асыру барысында біз 35 млн доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарттық. Екі жобаның жалпы құны, шамамен 50 млрд теңгені құрады.

Қазіргі таңда Қазақстанда баламалы энергия көздерінің 55 нысаны бар. 2020 жылға дейін тағы 52 нысан пайдалануға беріледі. Олардың жалпы қуаты – 2 гигаватт. Бүгінгі таңда 47 млрд 800 млн долларды құрайтын 145 инвестициялық жобаның негізгі тізімі жасалды. Айта кетейік, шетелдік инвесторлар оларға қызығушылық танытып отыр.