IT-технологияларды дамыту

IT-технологияларды дамыту

Жоғары технологияларды қолдап, стартап мәдениетін дамыту. Қазіргі таңда елімізде осы салаға ерекше көңіл бөлінуде. Мамандардың айтуынша, дарынды жастардың арқасында еліміз алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосыла алады. Инновациялық жобалар білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, сату интернеті салаларын қамтиды. Мәселен, «ақылды» кілттер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жоба авторларының айтуынша, енді пульттар мен түрлі қосымшалар қажет болмайды. Кілттердің бәрі ұялы телефондағы ортақ кілтпен ашылады.

ҚАНАТ КЕЛДІБЕКОВ, IT ЖОБАНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ:

-  Әлемде «ақылды» кілттерді 100-ден астам шығарушы бар.  Алайда олар біздің тікелей бәсекелестеріміз емес. Және олардан бірнеше ерекшелігіміз бар. Өзгелері әрбір құлыпқа жеке кілт пен жеке қосымша қолданады. Ал біздің бағдарламамызды әмбебап деуге болады. Өйткені біз кез келген құлыпқа, кез келген жүйеге қосыла аламыз. Олардың бәрін бір ғана қосымша арқылы басқару мүмкіндігі қарастырылған.

Қазақстандық мамандар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мобильдік GPS қосымшаның да өз нұсқаларын әзірлеген. Ол біздің елге барынша бейімделген. Егер бала ойнап жүріп, оның дыбысын естімей қалса, дыбысын қашықтықтан қосу мүмкіндігі қосылған. Және баланың әлеуметтік желілерде қанша уақыт отыратындығын қадағалауға болады. Қандай сайттарға жиі кіретіндігі де көрсетіледі.

ТАЛҒАТ АЯПОВ, IT- МАМАН:

-  Біздің қосымша қазір тегін. Демек ата-аналар қай жерде болғандықтарына қарамастан,  оны тегін қолдана алады. Балаларының қайда екенін картадан көреді. Қазіргі басты проблемалардың бірі – балалардың телефонға тәуелділігі. Біз баланың тек 2 сағат ойнайтындай етеміз. Бұдан соң телефон автоматты түрде бұғатталады. Кейін бала тек смс-хабарлама жібере алады немесе қоңырау шала алады.

Ал Ақтауда 20 жасар Мұқаш Бекенұлы былтыр 4 бірдей стартапты сәтті жүзеге асырды. Олардың біреуі – жастарға арналған заманауи коворкинг орталық. 2019 жылы жас кәсіпкер «Демеу» атты жаңа жобаны қолға алуды жоспарлап отыр. Ол әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына бизнес негіздерін тегін үйренуге жол ашады.

МҰҚАШ БЕКЕНҰЛЫ, ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Жаңа семинар-тренинг форматында 1500 студентті қамтыған үлкен жиын өткіздік. Одан бөлек 200 студентке жобалау тақырыбында арнайы семинар өткіздік. Әрбір колледжде кемі екі әлеуметтік жоба болса және оны жүзеге асырса деген идея болды. Және біз оған жеттік деп ойлаймын. Себебі бүгінде орта оқу орындарда бұл жобалар жүзеге асып жатыр.

Бұл жобалардың бәрі қазір сыналуда. Қызығушылық танытып отырған инвесторлар да бар. Олар жастарды қолдауға әзір. 2019 жылдың үздік стартап жобаларына 50 млн теңгеге дейінгі грант бұйыруы мүмкін. Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктігінің мамандары осындай ақпарат жариялады.