Қазақстан 2021 жылға дейін экологиялық таза өнім өсіруден Орталық Азияда көш бастауды көздейді

Қазақстан 2021 жылға дейін экологиялық таза өнім өсіруден Орталық Азияда көш бастауды көздейді

Қазақстан 2021 жылға дейін жоғары сапалы және экологиялық таза көкөністер мен жемістер өсіруде Орталық Азияда көш бастауды көздеп отыр. Ол үшін жер емген ауыл еңбеккерлері дәнді сұрыптап будандастыру ісін қолға алмақ. Бұл орайда агроғылымның соны үлгідегі технологиялары мен зерттеу жұмыстарына сенім артылуда.

БІРЖАН РАХЫМЖАНОВ, ҚАЗАҚ ЖЕМІС-КӨКЕНІС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз басқалармен қалай бәсекелесеміз? Жанымызда топырақ климаты өте қолайлы Өзбекстан тұр. Одан бөлек, қанша өнім керек болса, сонша өнім өндіріп бере алатын Қытай мемлекеті тұр. Тамыр жемісті дақылдарды өсіруге өте қолайлы қара топырақты Ресей тұр. Біз бұл жерде олардан экологиялық таза немесе органикалық өнімдерді өсіру арқылы біз өзіміздің өнімдерге бренд яғни басқалардан артықшылық бере аламыз.

Қазақстандық шаруалардың айтуынша, еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне шетелдің озық тәжірибе үлгілерін барынша ендіру қажет. Мәселен, Оңтүстік және Солтүстік Америкада кеңінен қолданылатын нөлдік технология Қазақстанда да өз жемісін беріп отырғанын айта кеткен жөн.   

ЕРАСЫЛ КАКЕНОВ, АГРАРИЙ:

-  Жақында мен Аргентинаға жасаған жұмыс сапары барысында Қазақстанда ендіруге тұрарлық көптеген қызықты технологиялармен таныстым. Биыл біз нөлдік технологиямен тәжірибелік егіс алқаптарына 5 гектар жүгері, 3 гектар соя тұқымын сепкен болатынбыз. Нәтижесінде 5 тонна жүгері жинап алдық. Гектарынан 50 центнерден айналды. Ал соя орта есеппен гектардан 15 центнер шамасында болды.  

Жақында Қазақстан нарығында енді бір жаңа технология ендіріле бастады. Дәлме-дәл егіншіліктің ерекшелігі арнайы камералармен жабдықталған дрондардың көмегімен алқаптар суретке түсіріледі.  Осының негізінде егістік алқабы толықтай зерттеліп, зиянкестер мен өсімдік аурулары сынды мәселелер ерте анықталады. Есесіне егін бітік шығады.

ТИМУР ТАМЕНОВ, АӨК САЛАСЫНДАҒЫ СТАРТАПТЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫЛАРДЫҢ БІРІ:

-  Бізге келген аграрилердің өз алқаптарының жағдайына өте сенімді. Алайда арнайы камералар орнатылған дрондарымызды аспанға ұшырып, суреттер жасаған сәтте жағдай мүлдем басқа қырынан көрінеді. Үлкен аумақты бақылауда ұстап тұру оңай емес. Біз, осылайша шаруа қожалықтарына көмек жасаймыз. Ауру анықталған аймақтарды дәрілеп, тыңайтқыштар себілген соң өнімнің сапасы арта түседі.