Өндірісті цифрландыру және технологиялық модернизациялау

Өндірісті цифрландыру және технологиялық модернизациялау

Өндірісті цифрландыру және технологиялық модернизациялау кәсіпорындардың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Осыны қаперге алған өндірушілер заман талабынан қалмақ емес. Мысалы, Ақтөбе облысындағы 55 мекеме биыл жаңа қондырғылар орнатып, жаңғыртуға бет бұрған. Бұл мақсатта 85 миллард теңге қаржы жұмсалған. «Негізгі индустриализациялау» бағыты бойынша 15 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Өндірісті жаңғыртуды қолға алған мекемелер қатарында алтын өндіруші, кераммика-гранит шығарушы компаниялар бар. Бұл бағытта облысқа жыл соңына дейін 510 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Оның 35 пайызы сырттан құйылатын қаржы болмақ. Мәселен, Хромтау ауданында орналасқан цинк және мыс өндіруші компаниясы биыл кенді өңдеу фабрикасын жаңартқан. Бұл жайт өнімді арттыруға мүмкіндік берді. Өңірдегі ірі өндіріс орны жылына 5 миллион тонна руда өңдеуге қауқарлы.

ЖАҢАЙ ХИБАТ, ФАБРИКА ТЕХНОЛОГЫ:

 - Қазіргі модернизациядан кейін фабриканың өнімділігі 10 пайызға өсті деуге болады. Бізге автоматтандырылған жағы бойынша жалпы Батыс Қазақстан бойынша ең алдыңғы қатардағы компания болып есептелінеді. Мұнда жұмыс күшінің 70 пайызына дейін бәрі автоматтандырылған.

Алматы облысының Текелі қаласындағы шойын балқыту зауыты өзінің алғашқы өнімін шығара бастады. Зауыт толық қуатына көшкен соң мұнда тәулігіне 550 тонна шойын өндіріледі. Қазіргі қуаттылығы – 250 тонна. Нысан құрылысына 20 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылды.

Текеліде өндірілген шойын болашақта ішкі нарықпен қоса, көршілес мемлекеттер мен алыс және жақын шет елдерге экспорттала бастайды.

БАХТИЯР ӨНЕРБАЕВ, ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Өндірілген шойынның сараптамасын жасап, сертификаттарын алғаннан кейін, сұраныс бар. Қазақстанның ішінен де, Қазақстанның сыртынан да, шет елден, Еуропадан. Олар контрактқа отыруға дайын отыр. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап шығарған өнімдері экспортқа кете бастайды.