Солтүстік Қазақстан облысында алғашқы цифрлық көкөніс сақтау қоймасы ашылды

Солтүстік Қазақстан облысында алғашқы цифрлық көкөніс сақтау қоймасы ашылды

Цифрлық технологиялар Қазақстан экономикасының барлық салаларында қарқынды ендірілуде. Сандық жобалардың игілігін көріп отырғандардың бірі – солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер. Жақында облыста алғашқы цифрлық көкөніс сақтау қоймасы ашылды. Әр камераны ұялы телефон немесе планшет арқылы басқаруға болады. Қоймада 5 камера бар. Әрқайысының ауа температурасы, ылғалдылығы белгілі бір көкөніс түріне байланысты белгіленеді.

ДМИТРИЙ ШАРАПАЕВ, КӘСІПКЕР:

-  Бізде экологиялық таза көкөністер өсіріледі, ал оны сақтау оңай емес. Енді бұл мәселе шешімін тапты. Мұнда сақталатын барлық көкөністерді өз фермерлерімізден алдық. Сапасы өте жоғары.

Цифрландыру үрдісі кеңістікті карталау бағытындағы бірқатар шаруаны жеңілдетіп отыр. Қарағанды облысында қолданысқа енгізілген жер телімдерінің интерактивті картасы бизнеске учаскелер алуды оңтайландыра түсті. Жергілікті кәсіпкерлер бос жер телімдері туралы ақпаратты интернет арқылы біле алады. Қазір электрондық жер картасында бизнеске арналған 300-ге жуық жер телімі бар. Бұл жаңашылдық кәсіпкерлерге өз жобаларын жүзеге асыруға қажетті бос орындар іздестіруде көмегін тигізеді. Олар онлайн режимде тіпті инфрақұрылыммен де таныса алады.

ЕРНАР КҮЛПЕИСОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ  ДИРЕКТОРЫ:

 - Ақпаратты облыс әкімдігінің сайтында және облыстық кәсіпкерлер палатасының сайтынан көруге болады. Біз, сондай-ақ бұл ресурс туралы, тоқтап тұрған кәсіпорындар, бос тұрған өнеркәсіп орындары туралы ақпараттар жасадық. Бұдан басқа, энергия көздеріне қосылу нүктелері де көрсетілген және біз бұл порталды үнемі дамытамыз.

Ал Жамбыл облысындағы алтын өндіруші компаниялардың бірі «Цифрлық кеніш» бағдарламасын қолға алды. Жеті қабат жер астынан құрамында бағалы металл бар кенді алу жұмыстары түгелдей онлайн жүйесінде бақыланады. Мамандар «цифрлық кеніш» жобасы аясында еңбек өнімділігі 5 процентке артып, шығындар 20 процентке қысқарады деп күтіп отыр.

ЖАНАР АМАНЖОЛОВА, «ЦИФРЛЫҚ КЕНІШ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Цифрлық кеніш бағдарламасын жүзеге асыру барысында біз ұлттық агенттіктің көмегіне жүгіндік. Олар бізге мемлекеттік қолдау көрсетті. Соның арқасында планшеттік технологиялар мен маркшейдерлік түсірілімдерге лазерлік сканерлеуді белсенді түрде жұмысқа енгіздік.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламаның мақсаты – ұлттық экономиканы цифрландыру арқылы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру. Ол  ІЖӨ-дегі IT-секторың үлесін 2020 жылға дейін 5 пайызға жеткізуді көздейді.