Көкшетауда 60 жылдық тарихы бар зауыт электрондыққа көше бастады

Көкшетауда 60 жылдық тарихы бар зауыт электрондыққа көше бастады

Өнеркәсіпті цифрландыру өндіріс – өнімділігін арттырудың ең тиімді құралы. Көкшетауда 60 жылдық тарихы бар зауыт аналогтық жұмыс түрінен электрондыққа көше бастады. Бұрында компания оттегімен дем алу аппаратын шығарған, бүгінде авиация, қорғаныс және медицина саласына қажетті қосалқы бөлшектерді шығаратын еліміздегі бірегей кәсіпорын. Осыдан 5 жыл бұрын сызбалардың барлығы қолмен 6 адам сызатын болса, қазір бұл жұмысты компьютердің көмегімен бір ғана адам атқарады. Мамандардың айтуынша, бұл – өте тиімді. Әрі бағдарламада жобаның дайын 3D бейнесін де көруге болады.

АЛЕКСАНДР ШАВРИН, ЗАУЫТТЫҢ БАС ТЕХНОЛОГЫ:

 - Компьютермен өте күрделі сызбаларды ешбір қатесіз жасауға болады. Бұл, біріншіден, уақытты үнемдейді. Екіншіден, шығынды азайтады. Осылайша өндірістің процессі жедел жүре бастайды.

Бірінші кезеңде техникалық процесті қайта жоспарлау және процестерді бірыңғай басқару жақсы нәтиже берді. Жаңа технологияларды қолданудың арқасында соңғы жылдары мұнда электр қуаты 30%-ға үнемделген. Жалпы 2020 жылдың басында компания толықтай цифрланады деп жоспарлануда.

ҚАЙРАТ ҚАЛМАНБАЕВ, ЗАУЫТТЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Бүгінгі күні істеп жатқан жұмыс мақсаты – адамдарды оқыту және керек құрал-саймандармен жабдықтау. Технологиялық картаны біз электронды түрге аударып, қолданатын құжаттарды, қолданатын материалдардың бәрін цифрлы басқару арқылы өзгертіп, тапсырыс бізге түскеннен бастап, соның шығып, тұтынушының қолына берілгенге дейін автоматты жүйеде басқарылып өңделетін болады.

Өндірісті цифрландыру арқасында зауыт өнімдеріне деген сұраныс өсті. Компания басшылығы жаңа бағыттарды енгізіп, ал жобалау бөлімі сұранысқа ие жаңа агрегаттарды жасауға крісіп-ақ кеткен. Мұнда шығарылған тауарлардың 35%-ы экспортқа бағытталған.