Қазақстанда көмірсутекті шикізаттың 3 жаңа кен орны ашылды

Қазақстанда көмірсутекті шикізаттың 3 жаңа кен орны ашылды

Қазақстанда көмірсутекті шикізаттың 3 жаңа кен орны ашылды. Нұржанов, Уаз Северный және Бұқарсай мұнай-газ кен орындарының қоры 2,5 млн тоннаға жуық. Аса көп болмағанымен, бұл – жер астында игерілмеген қара алтын бар екенінің айғағы.  Сондықтан көмірсутекті барлау жұмыстарының қарқынын арттыру қажет. Өйткені мұнай-газ саласының стратегиялық маңыздылығы әлі көп уақыт өзектілігін жоғалтпайды, дейді сарапшылар.

БАХЫТ МАХАНОВ, ҚР ЭМ МҰНАЙ ӨНДІРІСІН ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстанда мұнай өндіруші компаниялар 80 млн тоннадан астам қара алтын өндірген. Осы көлемнен 63 млн тоннасы экспортталды.  Қалған бөлігі өңдеуге жіберілді. Жалпы мұнай өндірісі 106,7%-ға ұлғайған.

Бүгінгі күні ел экономикасы табыстарының елеулі үлесін қамтамасыз етіп отырған 3 алпауыт – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындары.  Және бұл басымдық әлі де сақталады. Сарапшылардың сөзінше, мұнай өндірудің шыңы 2035 жылға келеді. Қазір Қазақстанда 277 мұнай кен орны бар. Соның 50-ге жуығы соңғы 10 жылда анықталған. Кен орындарын игеруде тың технологияларды пайдалану – тағы бір маңызды міндет.  

НЫСАНБАЙ ҚУАНТАЕВ, ГЕОЛОГИЯ-МИНЕРАЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

-  Мұнайды шығару коэффициенті деген бар. Бізде ол қазір 35-40% құрайды. Яғни шикізат қорының 35-40%-ын ғана шығарып алып жатырмыз деген сөз. Қалғаны игерілмеген күйі қалып жатыр. Бұл жерде жаңа технологияларды, нанотехнологияларды пайдалану қажет.

Мұнай қорларын табу қатты пайдалы қазбалардан гөрі бірнеше есе қымбат. Ал бұл жұмыстарға құйылатын қаржының өтелуіне ешкім кепілдік бермейді. Дегенмен ресурстық базаның соңғы деректеріне сәйкес, Қазақстанда көмірсутегі шикізаты жеткілікті. Болжамдық қорлар 22-ден 76 млрд тоннаға дейін өсті. Геологиялық саланы дамыту бағдарламасына сәйкес 2015-19 жылдар аралығында жыл сайынғы барлауға 40 млрд теңге қаржы бағыттау жоспарланған.

АҚБАТЫР НАДЫРБАЕВ, ҚР ИДМ ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Біз және жер қойнауын пайдаланушылар сейсмологиялық барлау, геофизикалық зерттеулер сияқты жаңа технологиялардың көмегімен асқан тереңдікті зерттеуге бел буып отырмыз. Осы мақсатта осыдан бірнеше жыл бұрын Каспий маңы тереңдігін зерттеу үшін «Еуразия» жобасы туралы айтылған болатын. Яғни асқан тереңдіктерде 12 мыңнан 15 мың бойлық метрге дейін ұңғыма бұрғылау көзделген.

Қазақстандық мамандардың пікірінше, әлемдік энергетикалық баланстағы мұнайдың ролі әлі ондаған жылдарға жалғасады. Және де көмірсутек ресурстары Қазақстанның экономикалық дамуының басымдықты векторларының бірі болып қала бермек. Сол себепті мұнай мен газ саласындағы барлау жұмыстары – стратегиялық міндет, дейді мамандар.