ЭКСПО-2017 жобаларының игілігі

ЭКСПО-2017 жобаларының игілігі

Қазақстанда баламалы энергетиканы дамытуда басымдық беріліп келеді.  «ЭКСПО-2017» көрмесі елімізде баламалы қуат көзін өндіретін инновациялық жобалардың көптеп жүзеге асуына жол ашты. Бүгінде Маңғыстау облысында осы тектес нысандардың бірі – Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылында қуаты 2 МВт болатын  күн электр станциясы жұмыс істеп тұр. Жоба құны 1 млрд 200 млн теңгеге бағаланып отыр.

МАРАТ ҮКІБАЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:

 - 27 гектар жерді алып тұр. Толық 8550 панель орналасқан. Күніне 10 мың, 11 мың КВТ тоқ береді.

Маңғыстау облысында алдағы жылы жалпы қуаты 255 МВТ болатын 5 күн және 5 жел электр станциялары іске қосылады. Ал жылдың соңына Ақтау қаласының кіребесінде 3 жел генераторы пайдалануға беріледі. Роторлар батысқа, солтүстік және шығысқа қарай бағытталған. Олардың қуаттылығы 5 МВт. Бұл жақын жердегі Ақшұқыр ауылын электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Форт-Шевченко қаласы маңында тағы 2 ірі жел электр станциясы құрылысы басталмақ.

ЖАНДОС СӘЛІМОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - 43,6 МВт-қа дейін құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда қосалқы станция салынған. 24 ірі жел қондырғысын орнату жоспарланып отыр, ол келесі жылдың бірінші жартысының соңына дейін толығымен аяқталады. Екінші қондырғының қуаттылығы – 42 МВт. Ол 17 ірі жел қондырғыларынан тұрады және келесі жылы аяқтау жоспарлануда.

Айта кетейік, тағы 2 жел мен 4 күн электр станциясын салу жоспарлануда. Олардың жалпы қуаттылығы 154 МВт құрайды. Бейнеу мен Жетібай ауылдарында жел, ал Шетпе, Жармыш және Оңды ауылдарында күн электр станциялары бой көтереді.