Қазақстанда алғашқы геотермалды станциялар іске қосылуы ықтимал

Қазақстанда алғашқы геотермалды станциялар іске қосылуы ықтимал

Қазақстанда баламалы қуат көздерін тиімді пайдаланудың жаңа жобалары қолға алынбақ. Жерасты байлықтары да электр қуаты мен жылу өндіру үшін қолданылуы мүмкін. Осындай тәжірибе Исландия, АҚШ, Канада және Түркия елдерінде кең танымал. Алдағы уақытта Қазақстанда да алғашқы геотермалды станциялар іске қосылуы ықтимал. Бүгінде алғашқы жұмыстар басталып кетті.

Геотермалды станцияның ерекшелігі сол, жүйе күн көзінен және құбылмалы ауа райынан тәуелсіз жұмыс істей алады. Климаты күрт аумалы еліміз үшін бұл өте маңызды, дейді энергетиктер. Осындай станциялардың тиімділігі 96%-ға тең. Яғни күн панельдерінен 5 есе жоғары энергия өндіре алады деген сөз. Жерасты ресурстары ел аумағының төрттен бір бөлігін ыстық сумен қамтамасыз етуге қауқарлы.

АРМАН СӘТІМОВ, «KAZENERGY» ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Қазақстанда гидрогеология және гидроэкология институты бар. Олардың дерегі бойынша қарайтын болсақ, геотермалды ыстық су қорының көлемі жершары бойынша шамамен 40% құрайды. Жерасты суларының температурасы тереңдігіне байланысты әр түрлі болып келеді. Шамамен 70-163 градусты құраса керек. Бізге техникалық құжаттама дайындау үшін өңірлер бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Осындай жобаны жүзеге асыру арқылы баламалы қуат көздерін дамыту саласына үлкен серпін беруге болады, - дейді сарапшылар. Ал әзірше, осы бағытта жерасты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елдегі энергия үнемдеу бағдарламасы да осыны қамтиды.

АРМАН СӘТІМОВ, «KAZENERGY» ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Энергия үнемдеу арқылы жаңа генерация жасақтау бағасы 3 есе арзанға шығады. Яғни белгілі бір энергетикалық платформа құру үшін 10 млн доллар жұмсамай-ақ, 20-30 млн доллар бөліп, елде қолға алынған энергия үнемдеу бағдарламасын өрістетуге болады. Мәселен, көше үй кіреберісіндегі шамдарды жарық диодты түріне ауыстыру жұмыстары.

Қазақстанның жасыл экономика тұжырымдамасына ауысу барысы шеңберінде, 2030 жылға қарай баламалы қуат көздерінің үлесін 10%ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізу көзделіп отыр.