Қазақстандық жас ғалым топырағы тозған егістік алқаптарға тыңайтқыш зат ойлап тапты

Қазақстандық жас ғалым топырағы тозған егістік алқаптарға тыңайтқыш зат ойлап тапты

Қазақстандық жас ғалым топырағы тозған егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді қалпына келтіретін тыңайтқыш зат ойлап тапты. Дәулет Егембердиевтің биомелорант атты ноу-хауы ауылшаруашылық өнімділігін арттыруға септігін тигізбек. Шығыны аз бола тұра, тиімділігі аса жоғары жобаға отандық шаруалар қызығушылық танытып отыр. Айпақшы, Дәулеттің өнертабысы «жас кәсіпкер мектебі» жобасының қорытындысы бойынша, үздік деп танылған болатын.     

ДӘУЛЕТ ЕГЕМБЕРДИЕВ, ЖАС ҒАЛЫМ:

- Бір келі биомелиоранттың өзіндік құны – 16 теңге. Оны сұйықтық күйінде қолдануға болады. Сұйық фазасы тамшылап суару кезінде пайдаланылады. Сондай-ақ құрғақ күйінде де қолдануға мүмкіндік бар. Тыңайтқыштың арқасында өнімділікті 5-10 есе арттыруға болады. Дәстүрлі әдіске сәйкес қолданылатын 30-35 тоннадан 40 тоннаға дейін көлемдегі фосфогипс пен тезекті 300-500 келі биомелиорант алмастыра алады.  

Жас ғалым биомелорантты биотыңайтқыштарды өндіретін қондырғының көмегімен 20 күнде дайындап шығарған екен. Оның құрамы өте қарапайым, кәдімгі жантақ өсімдігі, көң және фосфогипс. Қолданылатын шикізаттардың қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Мамандардың айтуынша, бүгінде Жамбыл облысында топырақтың құнарлығы азайып, тұздалған жерлердің көлемі артып барады.

ҚАМБАР ТҰРСЫНБАЕВ, АҒА ОҚЫТУШЫ:

- Өңірдегі тұздалған жерлерді 5 жыл ішінде қалыпқа келтіріп, айналымға қайтаруға мүмкіншілік бар. Ол үшін топырақтағы қарашіріктің мөлшерін арттыру қажет. Қазіргі кезде біздегі ауылшаруашылық алқаптардағы топырақта қарашіріктің мөлшері тек 1%-ды құрап отыр.  

Биылғы жылы биомелиорант алғаш рет тәжірибе жүзінде Талас ауданында қолданылды. Нәтижесі көңіл қуантарлық. 120 гектар аумаққа қант қызылшасы мен пияз егіліп, 5 есе артық өнім алынған. Мамандардың айтуынша, жаңа тыңайтқыш отандық шаруалар үшін таптырмас құрал болмақ.    

ЕРЛАН ҚҰЛКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Бізде қазір топырақтың құнарлығы төмендеп жатыр. Жас ғалым жасап жатқан жобаның бірі – жаңа биомелирантты болашақта жергілікті алқаптарға енгізсек, топырақ құнарлылығын жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде тыңайтқышты кең көлемде өндірудің жолдары қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта Дәулет Егембердиевтің ауылшаруашылығы мен мұнай-газ өңдеу салаларын дамытуға бағытталған тағы 5 жобаны ұсынбақ ойы бар.