Қазақстандық стартаптар Сеулдегі бизнес идеялар байқауында үздік атанды

Қазақстандық стартаптар Сеулдегі бизнес идеялар байқауында үздік атанды

Қазақстандық стартаптар Сеулдегі бизнес идеялар байқауында үздіктер қатарынан көрінді. Бұл сайысқа Орталық Азиядағы 5 елден жетпіске жуық жоба қатысқан. Жаңашылдығымен көзге түскен отандастарымыздың қатарында петропавлдық кардиолог Дмитрий Тё бар. Ол науқастарға аурухана табу, дәрігерлік кеңес алу және тікелей өндірушілерден дәрі сатып алу жолын жеңілдеткен.

Программистердің қатысуымен ол арнайы веб-сайт пен ұялы қосымша ойлап шығарды. Оның көмегімен науқас үйінен шықпай, өзіне керек аурухананы таңдап, басқа да операцияларды орындай алады. Онлайн тізімде Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның үздік клиникалары бар.

ДМИТРИЙ ТЁ, ДӘРІГЕР:

– Біздің медицинамыздың дамыған салаларына қызығушылық танытып жүрген көрші елдер өте көп. Атап айтқанда, кардиология, кардиохирургия бойынша үздік 10 елдің қатарындамыз, себебі бізде жүрек трансплантациясы өте жақсы дамыған. Біздің елімізде интервенциялық хирургия және тамырлық хирургия да жоғары деңгейде.

Жеңімпаздардың арасында оңтүстіккорялық Юн Ён Чхан да бар. Оның Кореяның ірі корпорациясымен бірлесіп әзірлеген жобасы қазақстандық шаруалардың жұмысын жеңілдетеді. Қондырғының көмегімен JPS арқылы төрт түліктің қай жерде жайылып жүргенін анықтауға болады. Екі жыл бойы осы жоба Алматы облысындағы Кеген ауданында сынақтан өтті. Құрылғы батареясының қуаты бір аптаға жетеді. Қазір Юн Ён Чхан басқаруындағы программисттер күн батареяларынан қуат алатын қарғыларды шығармақшы. Алдағы уақытта оның компаниясы Қазақстанда кәсібін өрлетуді көздеп отыр.  

ЮН ЁН ЧХАН, СТАРТАП ҚҰРУШЫ /ОҢТҮСТІК КОРЕЯ/:

 – Қарғы бауларды жалға беру жоспарымызда бар, яғни жалға алушы оның құнын ақшамен емес, малмен төлейтін болады. Одан соң ол жануарларды экспорттамақ ойымыз бар. Себебі оның қайда тұрып, немен қоректенгені туралы қолымызда мәлімет болады. Тек сертификат алып, малдарды Корея  немесе Еуропа нарығына тасымалдауға болады. Бұл біздің ұзақ мерзімге арналған бизнес-жоспарымыз.

Юн Ён Чханның стартапы қазақстандық экологиялық таза мал етін шетелге өткізуге мүмкіндік береді. Бұл жобаны Алматы мен Қызылорда облыстарында жүзеге асыру жоспарланып отыр.