Өткізу бекеттерін цифрландыру

Өткізу бекеттерін цифрландыру

Цифрландыру – заман талабы. Бүгінде сандық тәсілдер ел өмірінің барлық салаларына ендірілуде. Бұл үрдістен Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұрлы жол» өткізу бекеті де шет қалған жоқ. Қазіргі таңда мұндағы технологиялардың барлығы цифрландырылған. Жүк тасымалдайтын автокөлік жүргізушілері бақылау пунктінен өту үшін небары 40 минуттай ғана уақытын жұмсайды. Бұрын оған 1 күн кететін. Жүктерді тексеру, құжаттарды рәсімдеу де автоматты жүйемен жедел атқарылады.

АЛЕКСАНДР АРТЁМОВ, ҚАРЖЫ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ /ФИНЛЯНИЯ/:

 - Мұндай  жүйенің әлемде баламасы жоқ. Барлық өлшемдерді дәл есептеп шығуға жаңа технологиялардың көмегі көп. Ең ғажабы, 5 км/сағат жылдамдықпен жүріп бара жатқан автокөліктің салмағын өлшеуге болады.        

«Нұрлы жол» автокөлік өткізу пункті – соңғы жылдары Орталық Азияда жүзеге асырылған аса ірі жобалардың бірі. Автокөлік ағыны 8 жолақ бойынша жылжып отырады. Бұл жерден екі жаққа күн сайын 2,5 мың көлік өткізуге мүмкіндік бар. Ашылғанына небары 1,5 ай болған пункт 3 мыңнан астам жүк көлігі мен 5 мыңға жуық туристі өткізген. 

ІЛИЯС ЖАЙЛЫБАЕВ, КӨЛІК-ЛОГИСТИКА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

 - Қазақстан Республикасына қарай 1502 машина өтті. Қытайға 1447 машина өтті. Жалпы салмағы 39 мың тонна құрайды. Жалпы бағасы 2 миллиард теңгеден асады. Мемлекеттік бюджетке 310 миллион теңге төленді.

ЕРБОЛ АРЫНОВ, КЕДЕНДІК БЕКЕТ БАСШЫСЫ:

-  Дәл осы өткізу бекеті техникалық тұрғыда жақсы жарақтандырылған. Ендігі кезекте өзіміздің жұмысымызды реттеп алу керек. Технологиялық үрдістің кемші тұстарын  жетілдіру арқылы біз бақылау бекетінің өткізгіштік қуатын барынша пайдаланып еселейтін боламыз.

Айта кету керек, бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асты. Қазірге дейін оған 70 миллиардтан астам теңге инвестиция құйылды. Кешеннің әлеуетін арттыру үшін жақында тағы 11 миллиард теңге қаржы тартылмақ.