Қазақстандық жас ғалымды Microsoft, NASA компаниялары жұмысқа шақырды

Қазақстандық жас ғалымға әлемдік алпауыт компаниялардың көзі түсті. 17 жастағы Тимур Рыспековты  Microsoft, Amazon және NASA компаниялары жұмысқа шақырып отыр. Дарынды жігіт бастаған топ Нью-Йоркте NАSА ұйымдастырған дүниежүзілік сайыста Оппортьюнити және Кьюриосити марсоходтары кезіккен мәселелерді шешкені және кездейсоқ сандар генераторы үшін бас жүлдемен марапатталды.

ТИМУР РЫСПЕКОВ, NASA САЙЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Биыл Оппортьюнитимен не болғанын көбі естіген. Батареясындағы ақаудың салдарынан ол байланысқа шықпай қойған. Осы мәселенің шешімін басқарылмалы релемен тәжірибе өткізіп көрсеттік. Ол қуат болмағанда ажыратылады, ал күн батареясынан қуат түскенде іске қосылады. Осы шешімді телефонды қуаттандыру кезінде де қолдануға болады. Телефон жарылған оқиғалар болғанын білеміз.  

Тимур 3 жасында-ақ көбейту кестесін жаттап алған. Мектеп қабырғасында жүргенде, математика және физика олимпиадаларында талай рет топ жарды. Ал өнертапқыш ретінде алғашқы жүлдесін қоршаған ортаны сақтауға арналған танк түріндегі роботы үшін алды. Қазір екі бірдей оқу орнында білім алып жүр. Бұған қоса, Тимур физика, математика және информатика салаларында 30 патент пен авторлық құқыққа ие. Азия және Шығыс Еуропаның үздік инновациялық жобасы үшін Microsoft ұйымдастырған сайыста жеңіске жеткеннен кейін Тимурды бұл компания мен АҚШ-тың өзге де ірі корпорациялары жұмысқа шақыра бастады.

ТИМУР РЫСПЕКОВ, NASA САЙЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Біздің негізгі басымдығымыз кездейсоқ сандардың квант генераторы. Фотондар сипаттамаларының әртүрлілігі арқасында кездейсоқ мәліметтерді түрлендіре алады. Мұны банк жүйесінде жеке деректерді сақтау үшін, қаржылық тәуекелдерді болжауға, медицина саласында түрлі дәрілер шығаруға және кен-тау өнеркәсібінде қолдануға болады.

Осындай бірегей өнертабыстары үшін әлемдік компаниялар Тимурге үлкен сыйақы ұсынып отыр. Алайда ол өз елімізде жұмыс істеуді таңдап, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атанды.