«Астана-1» ақпараттық жүйесі: Электрондық декларациялау

Қазақстанда іске қосылған электрондық декларациялау арқасында үйден не жұмыс орнынан шықпай-ақ, әлемнің кез келген нүктесінен кедендік декларацияға тапсырыс беруге болады. Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына, халықаралық және озық тәжірибе стандарттарына сәйкес әзірленген жаңа ақпараттық жүйе кедендік рәсімдеуді оңтайландыруға ықпал етеді. Сондай-ақ биыл «Астана-1» ақпараттық жүйесін енгізу елдің сыртқы сауда айналымының көлемін арттыруға сеп болды.

ҚАЙРАТ ТАНКИБАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Өткен жылмен салыстырғанда өсім – 26%: импорт бойынша – 14%, экспорт бойынша – 30%. Мұның барлығы электронды декларациялау жүйесін енгізудің арқасында. Сонымен қатар кедендік төлемдер мен салықтар ұлғайтылуы мүмкін.

Сонымен қатар темір жол тасымалы саласы автоматтандыру жүйесіне көшті. «Цифрлық Қазақстан» стратегиясы аясында жүк және жолаушылар тасымалына жаңа технологиялар енгізіледі. Бұл басқару жүйесіне бүгінде барлық қазақстандық станциялар қосылған. Осы айдан бастап тасымалдаушылар пилоттық режимде құжаттарды электронды түрде рәсімдеп, құрамдарды жіберуде.

ЕВГЕНИЙ ШЕВЦОВ, ҚТЖ «ҰК» АҚ «ЖҮК ТАСЫМАЛЫ» ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

 - «Нұра-Топар» көмір тасымалдау бағыты мен «Екібастұз-2-Малорефтинская» экспорттық бағытындағы пилоттық жобалар бойынша қағазсыз құжат рәсімдеу жүйесі іске қосылды. «Нұра-Топар» маршруты бойынша 100-ден аса құжат электронды цифрлық қолтаңбамен рәсімделіп жіберілді.

Айта кетейік, Қазақстан экономикасын цифрландыру деңгейі бүгінгі таңда жалпы дамуға тың серпіліс берді. Көптеген сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс әлемдік аренада жетекші орыннан табылуға жол ашады.