Астанада робототехникадан семинар өтті

Астанада робототехникадан семинар өтті

Елордалық мектептерде жұмыс дағдысын кеңейту үшін түрлі семинарлар мен тренингтер өткізіледі. Бұл туралы Астана қаласының ресми сайты хабарлайды. Тиісті шаралар барысында олар жаңа білім алады. Басым салаларға компьютерлік технологиялар, соның ішінде робототехника жатады. Робототехника – өндірістің маңызды техникалық негізі болып табылатын автоматтандырылған техникалық жүйелер құрастырумен айналысатын қолданбалы ғылым.

 

22-24 қаңтар аралығында №76 мектеп-лицейде «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының қатысуымен қалалық мектеп оқытушыларына арналған «Қазіргі заманғы мектептегі робототехника» атты семинар өтті. Семинарға елордалық мектептерден 37 педагог қатысты.

 

Семинардың мақсаты – оқытушылар мен оқушыларды робототехника саласындағы зерттеулерге, техникалық ақпарат пен бастапқы инженерлік біліммен алмасуға тарту, жаңа ғылыми-техникалық идеяларды дамыту.

 

Семинарға қатысушылар роботоплатформаның құрамдас бөліктерін басқаруға мүмкіндік беретін бағдарламалаудың және бағдарламалар жазудың негізгі түсініктерімен танысты.  Робототехникалық конструктордың негізінде 3D-модельдеуді де үйренді, 3D-құрастыру мен 3D-баспаның негізгі түсініктері тәжірибе жүзінде түсіндірілді. Семинар соңында қатысушылар пультпен басқарылатын жолдағы кедергілерді көріп, автоматты түрде жарықты қосатын қарапайым «Тазалаушы» роботты құрастырды.

 

 

 

Сурет: astana.gov.kz