Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында гамма–камера іске қосылды

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында ерекше аппарат – гамма-камера іске қосылды. Мұнымен жүректің қай аумағы жақсы, қай жері қанмен нашар қамтамасыз етілетінін анық көруге болады. Аппарат бейнекөріністі жазып алып, бірден компьютерге көшіреді. Бұдан кейін науқасқа нақты диагноз қойылып, емдеу әдісі тағайындалады. 61 жастағы Николай Солохитдинов еқшандай қосымша зерттеусіз осы аппаратпен тексеруден өтті. 

НИКОЛАЙ СОЛОХИТДИНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

 - Бұл екі-үш минутта жасалатын шаруа емес. Біраз жату керек. Есесіне қандай ем алу керектігін анықтап, диагнозды дұрыс қойып беретінін түсінесің. Бір рет тексерілдім. Ешқандай қолайсыздық болған жоқ.

Гамма-камера зерттеуінен өткен науқастың жүрегіне операция жасау керектігі анықталды. Енді оның жүрек бұлшық етіне қанның қажетті мөлшерде келуі, қан-тамырларының қалыпты жұмысы қамтамасыз етілмек.

ҚАЙРАТ МУРЗАЛИН, ФУНКЦИОНАЛДЫҚ УЛЬТРАДЫБЫСТЫҚ  ЖӘНЕ  СӘУЛЕЛІК  ДИАГНОСТИКА ЖАСАУ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Бұл – жүректің ишемиялық ауруын анықтауға мүмкіндік беретін бірден-бір әдіс. Сондай-ақ жүректі емдеу мен оған жасалатын операциялардың сапасын арттырады. Жүрек миокарды, яғни бұлшықетінде ақауы бар адамдардың барлығы біздің науқастар санатына жатқызылады. Біз оларды емдеу үшін алдымен нақты диагнозын қойып, оған хирургиялық әдіс қолдану керек пе, немесе қандай дәрі-дәрмек беру керектігін білеміз.

Тексерілу процесі қиын емес. Науқастың ағзасына енгізілген арнайы дәрі қан тамыры арқылы жүрегіне барады. Гамма-камерамен қарап отырған дәрігер  барлығын компютерден 3D арқылы қадағалап отырады. Түрлі-түсті көріністерден жүрек бұлшықетінің қанмен қаншалықты қамтамасыз етілуін көруге болады. Бұл әдіс емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

 

Фото: livemd.ru


×