ДСМ: Коронавируспен ауырғандар қайтадан сырқаттануы мүмкін

Коронавирус инфекциясын қайта жұқтырып алу қаупі жоққа шығарылмайды. Бұл жөнінде орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі мәлім етті. Алексей Цой адам ағзасындағы антидененің жойылуына байланысты қатерлі індеттен бұрын жазылып шыққандар қайта сырқаттануы мүмкін екенін ескертті.

Оның айтуынша, дертті жеңіл көтерген азаматтардың ағзасында антидене бір, ал орта немесе ауыр көтергендердің ағзасында 3-5 айға дейін сақталады. Сондықтан толық айықтым дегеннің өзінде сақ болған жөн дейді, ведомства басшысы.

АЛЕКСЕЙ ЦОЙ ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

 - Біздің елде коронавирус жұқтырудың шарықтау шегі осы жылдың маусым-шілде айларына келгені белгілі. Егер біз талдау жасап көрсек, аталған уақыттан 3-5 айдан кейін, яғни қараша-желтоқсан айларында коронавирусты орта немесе ауыр жағдайда көтергендердің ағзасында антиденелер жойылып бара жатыр. Сол себепті олардың қайтадан ауруға шалдығу ықтималдығы  бар.

Бұл орайда әлемде коронавирусты қайта жұқтыру жағдайы тіркелгенімен, Қазақстанда мұндай дерек әлі жоқ екенін айта кеткен жөн. Одан қорғанудың бірден бір жолы - қатерлі індетке қарсы егілу. Вакцина құрастырылғанша карантиндік шараларды қатаң ескеру керек деген кеңес береді, министр. Тағы бір айта кетерлігі , ТМД елдерінде бізге қарағанда дертті жұқтыру дерегі 11 есе жоғары.  

 

Фото: 24.kz