Сарапшы: КВИ жаңа толқынының алдын алуға болады

Коронавирус ортамызда әлі де бар. Елдегі қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының мамандары қатерлі індет сейілмей тұрғанын айтады. Дертті жұқтырып алудың  қаупі зор.  Вирус әсіресе күз айларында үстемдік құрып, қайта өршуі мүмкін. Сан соғып қалмас үшін сақ болу керек, дейді мамандар. Олар әдеттегідей ауруға қарсы егіліп, қарапайым сақтық шараларын үстанған дұрыс болады деген кеңес береді.  

ЖАЗИРА ЕМБЕРДИЕВА, ҚР ДСМ ҰДСО  ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Коронавирус әлі де бар. Біз бірінші толқыннан өттік, дегенмен толығымен кеселден айыққан жоқпыз. Дегенмен ауруға қайта шалдықпау үшін індетпен бірге өмір сүруді үйренуіміз керек. Қолды жиі жуып, санитайзерлерді қолдану. Иммунитетті нығайту үшін дәрімендер ішу. Адамдар көп шоғырланған жерлерге бармау. Осындай  аурудың алдын-алу шаралары сақталып қалуда.

Коронавирустан қорғанудың бірден бір жолы – медициналық бетперде киіп жүру. Сарапшылар осының арқасында қатерлі індеттің екінші толқынының алдын алуға болатынын айтады. Жазира Ембердиеваның пікірінше, халықтың 70 пайызы жеке қорғаныс заттарын қолдану талабын ескерсе, вирус жаппай тарауын тоқтатады. Карантиндік талаптарды қатаң орындаудың да маңызы зор.      

ЖАЗИРА ЕМБЕРДИЕВА, ҚР ДСМ ҰДСО  ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Адамдар өздерінің денсаулығына жауапсыз қарауда. Әлеуметтік жауапкершілік жоқ. Яғни, көлікте, дәріханаларға, супермаркеттерге барғанда маска кию керек. профилактикалық шаралардың ең тиімді тәсілдерінің бірі – бетперде кию. Коронавирус жоқ. мен ауырмаймын деген пікір дұрыс емес.

Жалпы, бүгінде елде коронавирусқа шалдығу жағдайы тұрақталды. Емдеу мекемелері науқастарды қабылдауға сақадай сай, дәріханалар барлық қажетті препараттарды жеткілікті көлемде қамдап қойған. Алайда бұл қордың қажеті болмауы да әбден мүмкін. Бір сөзбен мамандар адамдардың денсаулығы өз қолдарында дейді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: time.kz


×