Қазақстанда медициналық жеке қорғаныс заттарының өндірісі артады

Сақтанған сақ болады. Қазақстан коронавирустың екінші толқынына қамданып жатыр. Бұл үшін ең алдымен індеттен қорғанатын медициналық бұйымдардың өндірісін арттыру көзделіп отыр. Мәселен келер жылдың алғашқы тоқсанында бір реттік бетперделер жасаудың көлемі екі есеге дейін ұлғайтылып, тәулігіне 2 миллион данасы шығарылатын болады. Қорғаныс костюмдері де дәл осылай еселеніп, айына 1 миллион данасы өндіріледі. Бір реттік қолғаптар өндірісіне де басымдық берілмек. Осы жылдың соңына дейін тәулігіне 530 мың жұп қолданысқа тапсырылатын болады. Бұл жөнінде еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді. Үкімет отырысында «Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары таныстырылды.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пікіріне сәйкес, елдің дәрі-дәрмек бойынша қауіпсіздігі өзіндік фармацевтика өндірісі кемінде 30% болған жағдайда қамтамасыз етіледі, ал ұсынылып отырған Кешенді жоспардың арқасында 2025 жылға қарай өз өндірісімізді нақты мәнде 50% дейін жеткізе аламыз.

Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары бойынша жалпы құны 180 миллион долларды құрайтын 30 –дан астам жаңа ірі фармацевтика өндірістері іске қосылады.  Бұл дәрілік заттарды өндіру көлемін 2,5 есе өсіруге мүмкіндік береді.

 

Фото: rk-news.com