Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 35 миллионға жетті

Шет мемлекеттерде эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті. Ресейде мамыр айынан бері алғаш рет бір күнде  COVID-19 дертін жұқтырғандардың саны 10 мыңнан асты. Ал өңір бойынша Мәскеуде көп тіркелген. Олардың саны 3 327. Індеттің дендеуіне байланысты Мәскеу қаласының әкімшілігі компанияларды қызметкерлерінің 30% қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруға міндеттеді. Қала тұрғындарының көбі қатаң шектеу шаралары қабылданады деп қауіптенуде.

Ал Ұлыбританиядағы университете 770 студенттен вирус анықталды. Қазіргі таңда олардың бәрі жатақханадағы бөлмелерінде 14 күнге оқшауланды. Жалпы елде сабақ басталғаннан кейін 50 жоғары оқу орнында коронавирусты жұқтыру оқиғалары тіркелді.  Жалпы соңғы бір тәулікте елде 13 мыңға жуық адам  індетті жұқтырған. Бұл – індет басталғалы ең жоғары көрсеткіш.

Францияда да бір тәулікте науқастар саны 17 мыңға артты. Ертеңнен бастап, Парижде барлар жабылып, мейрамханалардың жұмыс уақыты қысқарады. Жергілікті билік тұрғындарға үйден жұмыс істеуге кеңес беріп отыр

Жеті айға созылған тыйымнан кейін Мекке зиярат етушілерді қабылдауды бастады. Жергілікті билік кіші қажылық рәсімдерін орындауға қайта рұқсат берді. Билік өкілдерінің айтуынша, Ұмра маусымы кезең-кезеңімен ашылады. Әзірге оны тек жергілікті халық пен эмигранттар атқара алады екен.

Ал 1-ші қарашадан бастап, кіші қажылық рәсімін орындауға шетелдіктерге де рұқсат берілмек. Айта кетейік, індет кесірінен тек мыңға жуық мұсылман қажылық жасады.

КАМЧАТКАДАҒЫ АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛА СЕБЕБІ ЖАРИЯЛАНДЫ

Камчаткадағы  теңіз жануарларының көптеп қырылуына судың техногендік ластануы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы өлке губернаторы Владимир Солодов хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі таңда экологиялық апаттың үш себебі қарастырылып жатыр. Біріншісі – адам қолымен жасалған ластану, екіншісі – қандай да бір заттардың төгілуі, үшіншісі – сейсмикалық белсенділік. Ал Камчатгидромет басшысы Вера Полякованың сөзінше, өлі жануарлардың теңіз жағалауына шығып қалуына дауыл мен қатты толқын әсер еткен болуы мүмкін.

 

Фото: iz.ru


×