ШҚО мектептеріндегі коронавирус індеті бойынша жағдай: бір ай ішінде 29 оқушы ауру жұқтырған

ШҚО мектептеріндегі коронавирус індеті бойынша жағдай: бір ай ішінде 29 оқушы ауру жұқтырған

Мектептер оқушыларға есігін қайта ашқан сәттен балалар арасында аурудың жаңа жағдайы тіркелуде. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 2020 жылдың 1 қыркүйегінен 1 қазанына дейін 29 оқушы індетті жұқтырған. Олардың 13-і кезекші сыныптарға сабақтарға барса, 16-сы қашықтан оқыту форматына қарамастан жұқтырған. Қазірдің таңда  алты бала  қауіпті вирусты жеңіп шыққанын атап өткен жөн. Жергілікті органдардың айтуынша, балалардың қауіпті індеті жұқтырғаны жөнінде ақпарат күнделікті таңертеңгі тексеру кезінде анықталған. Себебі, дене қызуын өлшеу және де басқа тексеру шаралары жүргізілмейінше оқушылар сыныпқа кіргізілмейді.

«ШҚО аумағында мектептерде коронавирустық инфекцияның ошағы болып табылатын сыныптарды қашықтан оқытуға ауыстыру туралы қаулы шығарылды. Қауіпті індет анықталған барлық мектептерде эпидемияға қарсы санитарлық-дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді»,- деп хабарлады ШҚО тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

 

Фото: liter.kz​