Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 33 млн асты

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 33 млн асты

Ұлыбританияда соңғы бір тәулікте вирусты жұқтырғандар саны 7 мың адамға жетті. Бұл – Тұманды Альбионда індет таралғалғаннан бергі ең жоғарғы көрсеткіш.

Германияда да науқастардың қарасы артып келеді. Соңғы бір тәулікте вирус 2 мың адамнан анықталып отыр. Бірақ мамандар індеттің таралу қарқыны наурыз-сәуір айларындағы көрсеткішпен тең дегенді айтады.

Испания мен Францияда да дертті жұқтыру дерегі көбейген. Індеттің күшеюіне байланысты Еуропаның кей елдерінде шектеу шаралары қайта қатаңдатылып жатыр.

Еуропа елдерінің билігі коронавирус індетінің таралуына тосқауыл қойып, экономиканың дамуына кедергі келтірмеуге барынша күш салуда.

Германия канцлері Ангела Меркель 16 федералды штаттың премьер-министрлерімен кездесуден кейін инфекцияның таралуымен күресудің жаңа шараларын жариялады. Атап айтқанда, жабық бөлмелерде өткізілетін іс-шараларға қатысатындар саны 25 адамнан аспауы тиіс.

 «Біз кез-келген жалпыұлттық карантинді енгізбеу үшін аймақтық деңгейде нақты және мақсатқа сай әрекет етуіміз керек»,- дейді Германия канцлері Ангела Меркель.

Францияда COVID-19 індетінің өрши түсуіне байланысты инфекцияға қарсы қосымша шаралар енгізілді. Әсіресе шаралардың қабылдануы паб, бар және мейрамхана иелеріне кері әсер етуде. Тіпті кейбір аймақтарда бұл мекемелер мүлдем жұмысын тоқтатса, басқаларының жұмысы шектеулі болды. Алғашқы карантиннен кейін жұмысын бірізге қойып үлгермеген қоғамдық тамақтандыру қызметкерлері белгісіздіктен қорқады. Дегенмен билік барынша көмектесуге уәде беруде.

Сонымен қатар, Испания астанасында коронавирусты жедел тестілеу басталды. Тестілеу инфекция тез таралып жатқан Мадрид маңындағы Вальекас тұрғындарынан алынуда. Орталық мамандары күніне мың талдау жасай алады. Нәтижелер 15 минут ішінде дайын болады. Тесттің мақсаты - басқалармен қатар, коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларын анықтау, олардың байланысын қадағалау және инфекциялар тізбегін тоқтату.

Жалпы, әлемнің 188 елінде 33 млн 646 мыңнан астам адамда коронавирус дагнозы расталған. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет 1 млн 007  мың 839 науқастың өмірін жалмады. Сауығып шыққандар саны - 23 389 937. Ауруды жұқтыру және одан болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша АҚШ әлі де көшбастап тұр. Құрама Штаттарда инфекцияға шалдыққандар саны 7 млн 191 мыңнан асты. Екінші орында – Үндістан. COVID-19 инфекциясы 6 225 763 үндістандық азаматтан анықталған. Ал үштікті тұйықтап тұрған Бразилияда 4 777 522 вирус жұқтыру жағдайы расталған. Одан кейін  Ресей, Колумбия, Перу, Испания, Мексика, Аргентина, ОАР, және Франция елдері келеді.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: iz.ru