Қазақстанда 41 бала Кавасаки синдромына шалдыққан

Қазақстанда 41 бала Кавасаки синдромына шалдыққан

Қазақстанда COVID-19-бен ауырған балаларда жаңа ауру түрінің пайда болуы тіркеле бастады. Коронавирус жұқтырған балаларда кездесетін жаңа синдром туралы хабар қазақстандықтарды алаңдатып отыр. Бүгінгі күнге дейін елімізде Кавасаки синдромын жұқтырған 41 жағдай анықталған. Бұндай мәліметпен педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрайымы Риза Боранбаева бөлісті. Оның айтуынша бұл үрей туғызатын мәселе емес. Қазір жалпы жағдай тұрақты. Ауру жаппай тарап жатқан жоқ. 37 бала дерттен толықтай айығып шыққан. Бүгінгі таңда 4 бала тиісті ем қабылдап жатыр.

«Мультижүйенің қабыну синдромы белгілері анықталған балалардың бәрі міндетті түрде көпсалалы балалар стационарларына жатқызылуы тиіс. Онда дереу диагностика жасалып, тиісті ем қабылданады. Егер дерт ерте бастан анықталса ауру жеңіл түрде жылдам өтеді», - дейді Риза Боранбаева

Бұл жаңа ауру түрі короновирустың салдарынан туындайды. Сондықтан қатерлі індеттен қорғанып, инфекция жұқтырып алмаудың амалдарын қарастыру керек. Бұл ретте ең алдымен балалар мекемелерінде сақтық шаралары қатаң сақталуы тиіс. Олардың дене қызуы өлшеніп, балалар маска тағып жүргені абзал. Әлеуметтік қашықтықты сақтау да аса маңызды.

«Мектептер мен балабақшаларда санитайзерлер мен залалсыздандыратын арнайы сұйықтық заттарының жеткілікті көлемде болуы шарт.  Адамдар шағын аумақтарда көптеп шоғырланбауы керек. Бұны ұдайы тексеріп тұрған жөн. Тамақтану үрдісі қауіпсіз болып, ғимараттың ішін залалсыздандырып тұрған дұрыс. Міндетті түрде ата-аналар және балалармен Covid-19 алдын алуға қатысты түсіндіру шаралары жүргізілуі керек», - дейді Риза Боранбаева.

Бұл ретте ата аналар қарапайым сақтық ережелерін елеуге көңіл бөлгендері жөн. Балаларды маска тағу, қолды үнемі жуып тұру, әлеуметтік қашықтықты сақтау сынды әдеттерге баулып, оның маңызын түсіндіру керек. Дұрыс тамақтанып, таза ауада серуендеудің пайдасы тиеді. Алайда көшеге шыққан кезде адамдар көп жиналған жерге бармаған жөн.  Қайда жүрсе де тазалық денсаулық кепілі екенін ұмытпаған абзал дейді мамандар.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: tengrinews.kz