Қазақстандағы экстракорпоралдық ұрықтандыру тәжірибесіне – 25 жыл

Бүгін 28 қыркүйекте Қазақстанда экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісі енгізілгеніне 25 жыл толды. Дәл осы күні 1995 жылы Алматы қалалық репродукция орталығында алғашқы экстракорпоралдық ұрықтандыру зертханасы ашылды. Осы жылдар ішінде зертхана Репродуктивті Медицина Институтына айналды. Мұндағы мамандар әйелдер мен ерлер бедеулігінің ауыр түрлерін сәтті емдеп келеді.

Бүгінде экстракорпоралдық ұрықтандырудың заманауи әдістері мен технологиялары тек қазақстандықтарға ғана емес, сондай-ақ Германия, АҚШ, Италия, Қытай, Түркия және ТМД мемлекеттерінің, жалпы 35 елдің азаматтарына балалы болуға мүмкіндік беруде.

Институттың мәліметі бойынша, 10 жыл бұрын Қазақстанда алғашқы 100 квота бөлінген, ал 2019 жылы ол 9 есеге артқан. Келер жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес экстракорпоралдық ұрықтандыру бағдарламасы аясында квоталар саны 7 есеге артады.

ЛЯЗЗАТ АЙТҚОЖИНА, РЕПРОДУКТИВТІ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

– Мен дәрігер ретінде де, ана ретінде де, әйел ретінде де Президент Жолдауына өте қатты қуандым. Енді «Аңсаған сәби» бағдарламасы 2021 жылдан бастап қолға алынатын болса, жылына бізге бұрын 700-800 ғана квота бөлініп отырса, енді 7000 квота беріп отыр Президенттің айтуымен. Бұл үлкен көмек. 10 есе артық квота беріледі. Яғни бір балаға зар болып жүрген отбасылар қол жеткізе алады. Жолдасы бар, отбасы бар адамдар қол жеткізеді. Қазақстан мемлекетінің демографиясына үлкен үлесін тигізеді деп ойлаймын.

 

Фото: minsknews.by